Қарағанды облысында ұлттық стильдегі бұйымдар шығаратын шағын кәсіпорындар ашылуда, ал мемлекеттік қолдау шеберлерге өз идеяларын іске асыруға және бизнесті дамытуға көмектеседі.
Абай ауданының тұрғыны Майра Рамазанова ұлттық бас киімдерді тігуден бастап, гранттың арқасында шығарылатын бұйымдардың ассортиментін кеңейтті.
Өткен жылы Майра Абай ауданы әкімінің жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған грантына ие болды. Бұл оған өндіріске жаңа технологияларды енгізуге, өнім ассортиментін едәуір кеңейтуге және сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
– Мен әрдайым қазақ қолөнерінің дәстүрлерін сақтауға және дәріптеуге ұмтылдым. Гранттық қолдаудың арқасында мен өз идеяларымды жүзеге асырып, өндірісті жаңа деңгейге көтердім, – дейді Майра.
Қарағандылық Гүлсім Кенжебекова халық шығармашылығына деген сүйіспеншілікті өз бойына ата-анасынан сіңірген. Ол күйеуінің гаражын тігін цехына айналдырды.
Бүгінде ол ұлттық киім – кеудешелер, камзолдар, шапандар және қыз жасауын тігеді.
2023 жылы оның бизнесі 37 млн теңгенің несиесін субсидиялау және кепілдендіру түрінде мемлекеттік қолдауға ие болды, бұл өндірісті едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді.
– Мен жастардың күнделікті өмірде ұлттық киімді жиі киюін армандаймын. Бұл тек әдемі киім ғана емес, бұл біздің мәдениетіміздің бір бөлігі, – дейді Гүлсім.
Бизнес-ханым Аққыз Бәкенова да Қарағанды тұрғыны. Ол бала кезінен тігуді меңгерген, бірақ өз брендін құру идеясы баласына балабақшада алғашқы ұлттық костюм жасағаннан кейін пайда болды.
2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағыты бойынша облыс әкімінің грантын алып, Аққыз тігін шеберханасын ашты. Оның мамандығы – балалардың ұлттық киімдерін тігу.
– Өкінішке орай, бізде дәстүрлі ою-өрнектері бар қазақстандық маталар мен кестелер жоқ. Негізінен біз материалдарды Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Қытайдан сатып аламыз, бірақ олардың үлгілері біздікіндей емес. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту және ұлттық ою-өрнек туралы білімді жандандыру өте маңызды, – деп санайды Аққыз.
Көптеген кәсіпкерлер үшін бастапқы кезеңде мемлекеттік қолдау өз ісін ашуға және дамытуға негіз болады.
Өңірде шағын және орта бизнесті қолдау үшін субсидиялау, несиелерді кепілдендіру, инженерлік инфрақұрылым жүргізу арқылы қолдаудың түрлі бағдарламалары жұмыс істейді. Әлеуметтік кәсіпкерлер мен жастарға іс ашуға гранттар беріледі. Атап айтқанда, өткен жылы облыс әкімінің гранттарына 407 жас қатысып, олардың 25-і жеңімпаз атанды.
– «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламасы бойынша гранттар ғылым мен медиадан бастап мәдениет пен бизнеске дейінгі түрлі салаларға берілді. Биыл өзгерістер болуы мүмкін, бірақ негізгі критерийлер өзгеріссіз қалады: жобаның өзектілігі, әлеуметтік маңыздылығы және әлеуеті сақталады, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Ұлан Омаров.