Қарағанды облысында Наурыз мерекесіне орай 389 отбасы баспаналы болды

Қарағанды облысында Наурыз мерекесіне орай 389 отбасы баспаналы болды

Наурыз қарсаңында Қарағанды облысында жүздеген отбасы жаңа пәтерлерге ие болды.

Алғашқы қоныс иелері өз үйлеріне қоныстанды, жалпы жаңа баспананың кілтін бар-жоғы 389 отбасы алады.

Балқашта «Наурызнама» онкүндігі шеңберінде Қайырымдылық күні аясында көп балалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға және мүгедектігі бар адамдарға 15 жаңа пәтер берілді.

Саранда 110 отбасыға кілт табыс етілді. Олардың ішінде жетім балалар, көп балалы отбасылар және әлеуметтік осал топтар өкілдері бар. Бұл пәтерлер мемлекеттік бағдарлама бойынша құрылыс салушыдан сатып алынды.

– Наурызда игілікпен бөлісу, сыйлықтар жасау дәстүрге айналды. Осындай мереке қарсаңында біз үшін маңызды сыйлық – пәтер кілтін алғанымыздың ерекше мәні бар, – дейді Саран қаласында тұратын жалғыз басты ана Мөлдір Салықова.

Жаңа пәтерлердің кілттерін тапсыру алдағы күндері де жалғасады. Қарағандыда 19 наурызда 180 отбасы қоныс тойын тойлайды, 20 наурызда Бұқар жырау ауданының Доскей ауылында 60 отбасы пәтер кілтін алады, 21 наурызда тағы 24 отбасы Нұра ауданында жаңа баспанаға ие болады.