Қарағанды облысында орман тұқымы станциясын құру жоспарлануда

Қарағанды облысында орман тұқымы станциясын құру жоспарлануда

Қарағанды облысында орман өсіру және өсімін молайту бойынша кешенді жоспар іске асырылуда. 2027 жылға дейін 2310 га жерге 7 млн көшет егілуі тиіс.

Бұл жұмыстың қалай жүріп жатқаны туралы аппараттық кеңесте айтылды.

– Өткен жылы 619,7 га алқапқа 1,8 млн көшет егілді. Биыл 439,5 га алқапта 1,9 млн көшет егу жоспарланған. Ол үйеңкі, қарағай ағаштары, – деп баяндады табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев. – Көшет материалдарымен қамтамасыз ету үшін тұрақты орман тәлімбағы бар. Өткен жылы оның алаңы кеңейтілді, бұл - Қарағанды, Қу, Ақтоғай орман шаруашылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жерсіну пайызын арттыру үшін жабық тамыр жүйесінде тұқым өсіретін орман тұқымы станциясын салу мәселесін пысықтап жатырмыз.

Орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы нығайғаны атап өтілді. Мемлекеттік орман қорында ғылыми-іздестіру жұмыстары жүргізілді.

Облыста алты жаңа орман өрт сөндіру станциясы пайда болды. Биыл да осыншама құрылыс салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, орман өрттерін ерте анықтау жүйелері орнатылды.

Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың мәліметінше, аймақтық көгалдандыру жоспары бойынша және жасыл белдеу құру үшін биыл қалалар мен аудандарда 54 мыңнан астам ағаш егу жоспарланған.

Тәжірибелі орман өсіруші Валентина Лузина көгалдандыру жұмыстары туралы өз пікірімен бөлісті.

– Мен орман шаруашылығы жүйесіне 1977 жылы келдім. Бұрынғы және қазіргі жағдайды салыстыра аламын. Қазіргі уақытта орман мекемелері әлдеқайда жақсы жұмыс істейді: мамандандырылған техника бар, ережелер сақталуда. Біздің барлық екпелеріміз жасанды жолмен, яғни көшеттердің көмегімен жасалады. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы ұлғайды, кадрлардың тұрақтамауы қысқарды. Мамандардың жұмысы үйлесімді. Мен мемлекеттік мекемелердің жағдайынан хабардармын, мүмкіндігінше ағаш егуге қатысамын, – деп атап өтті орман шаруашылығының ардагері. – Саран, Шахтинск, Абай, Қарағанды маңында жасыл аймақ құрылуда. Мұның бәрі облыстағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Өңірді көгалдандыруға еріктілер белсенді қатысуда. Еріктілердің бірі – Михаил Горбов Қарағанды – Астана тас жолының бойына ағаш егуге қатысатыны туралы айтып берді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көшет материалдарының сапасын қадағалауды тапсырды.

– Мемлекет басшысының ел бойынша 2 млрд ағаш егу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыста 2021–2027 жылдарға арналған өсімін молайту және орман өсіру жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Тұрақты көктемгі ауа райы орнағаннан кейін біз оны жүзеге асыруды жалғастыруымыз керек, – деді өңір басшысы.