Қарағанды облысында Наурызнама онкүндігі кең көлемде атап өтілуде, барлығы мыңнан астам іс-шара жоспарланған. Олардың бір бөлігі жүзеге асырылды. Наурыз мерекесі 14 наурызда, Амал күнімен (Көрісу) басталды. Алдағы күндердің барлығы оқиғаларға толы. Бағдарлама ауқымды: ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттайтын әлеуметтік, қайырымдылық және экологиялық акциялар, көрмелер мен челлендждер.
Наурыз мерекесі туралы аппараттық кеңесте айтылды.
Облыс тұрғындары үшін Наурызнама ұзақ уақыт есте қалады: олардың тұрғын үй мәселесі шешілді. Бұл күндері облыс бойынша әлеуметтік қорғалатын санаттағы кезекте тұрған 389 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алады.
Өткен жексенбіде «Шаңырақ күні» атап өтілді – 25 және 50 жыл отауласқан ерлі-зайыптылар марапатталды. Бұл күні отбасын құрған жас жұбайларға ақсақалдар батасын берді.
Бүгін – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні». Бұл күн ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге арналған. Қолөнер шеберлігі бойынша шеберлік сабақтары, ұлттық әдет-ғұрыптар, халық тағамдары фестивалі өтеді. Сондай-ақ, «Армысың, әз Наурыз» облыстық ақындар айтысы өтеді.
18 наурыз – «Ұлттық киім күні». Белгілі тұлғалардың, әртістердің, спортшылардың қатысуымен челлендждер жоспарланған. Қарағанды қаласының Кеншілер мәдениет сарайында жергілікті дизайнерлер мен модельерлердің, сондай-ақ Астана мен Алматыдан шақырылғандардың қатысуымен NAURYZ – FASHION этно-заманауи киім фестивалі өтеді.
19 наурыз – «Жаңару күні». Бұл күні Теміртаудың қысқы бағында жаңа ағаштар егіледі. Қарағандыда биолог ғалымдармен кездесулер ұйымдастырылады, олар жасыл желектерді дұрыс егу және оларды күту туралы айтып береді.
20 наурыз – «Ұлттық спорт күні». Қалалар мен аудандарда ұлттық спорт түрлері: қазақша күрес, көкпар, тоғызқұмалақ және т.б. бойынша жарыстар мен турнирлер өткізіледі.
21 наурыз – «Ынтымақ күні». Әлеуметтік желілерде өңір тұрғындарын құттықтау эстафетасы өткізіледі.
22 наурызда мерекелік серуен өтеді. Қалалар мен аудандарда киіз үйлер орнатылады. Қарағандыда Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы мерекелік концертте қазақстандық эстрада жұлдыздары: Zhoshy және «Дос-Мұқасан» ансамбльдері өнер көрсетеді.
23 наурыз – «Тазару күні». Бұл күні «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы аясында тазалық эстафетасы басталады.
– Наурыз мейрамы – адамдарды біріктіретін, біздің дәстүріміз бен мәдени мұрамызды еске түсіретін мереке. Ол халықтар арасындағы бірлік пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді. Тұрғындар бұл мерекені көктемнің, жаңарудың нышаны ретінде жақсы көреді. Бұл оқиғаның жарқын әрі маңызды болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.