Қарағандылық оқушы қолжазбалық сандарды танитын бағдарламамен республикалық байқауда бірінші атанды

Қарағандылық оқушы қолжазбалық сандарды танитын бағдарламамен республикалық байқауда бірінші атанды

Абай атындағы Қарағанды мектеп-гимназиясының он бірінші сынып оқушысы Ислам Егінбайдың қолжазба сандарын тани алатын бағдарламасы жалпы білім беретін пәндер, жаратылыстану-математика бағыты бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауында үздік деп танылды.

Республикалық кезең Ақтөбеде өтті. Оған Қарағанды облысынан барлығы 11 жоба ұсынған 16 оқушы қатысты. Олардың бірі бірінші, екеуі екінші орынға ие болды.

Қолмен жазылған араб сандарын тани алатын бағдарлама Ислам Егінбайдың ауқымды жобасының бір бөлігі ғана.

– Менің жобам «Нейрондық желілер және машиналық оқыту» деп аталады. Ол үлкен зерттеу жұмысын білдіреді. Мен нейрондық желілердің негізіндегі математиканы және машиналық оқытуды үйрендім. Қазір бұл іс жүзінде қызметтің кез келген саласында қолдануға болатын өте өзекті бағыт. Әрине, бастапқыда қиын болды, себебі бұл мектеп бағдарламасының аясынан әлдеқайда асып түседі, бірақ мен оны атқардым. Негізін түсінгеннен кейін бәрі де ойлағаннан да жеңіл болды, – деп бөлісті Ислам.

Жобаны дайындауға жоғары сынып оқушысы жарты жылға жуық уақыт жұмсаған. Ол өз өмірін математикамен байланыстыруды жоспарлап отыр, сондықтан жасалған жұмыс ЖОО-ға түсу және болашақта оқу кезінде оған үлкен артықшылық беруі мүмкін.

Байқауда екінші орынды Жамбыл атындағы Қарағанды мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының он бірінші сынып оқушысы Ақзер Әлмұханбет иеленді. Ол тригонометрия бойынша ғылыми жоба қорғады.

Екінші орын «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицейінің қарағандылық жоғары сынып оқушылары Ясмин Сейфуллина мен Рауан Қадырғанбектің бірлескен жобасына берілді.