Бокстан халықаралық турнирде Қарағанды облысының спортшылары бес медаль жеңіп алды

Бокстан халықаралық турнирде Қарағанды облысының спортшылары бес медаль жеңіп алды

Алматыда олимпиада чемпионы және еңбек сіңірген спорт шебері Ермахан Ыбырайымовтың жүлдесі үшін қыздар арасында бокстан VII Халықаралық турнир аяқталды. Қарағанды облысынан он спортшы қатысып, оның бесеуі медальмен оралды.

Турнирге Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның 19 өңірінен 270-тен астам спортшы қатысты.

Қарағанды облысының намысын 15–18 жас аралығындағы он бойжеткен қорғады.

Олардың екеуі – Шахтинск қаласында тұратын апалы-сіңлілі Аяулым мен Камила Оспановалар 63 кг және 70 кг дәрежесінде алтын медальға ие болды. Қарағандылық Алина Құдайгенова 60 кг және Айдана Убайдоллақызы 80 кг салмақта күміс медаль алды. Үшінші орын 48 кг санатында өнер көрсеткен қарағандылық Айжан Мұратқа бұйырды.

– Турнир біз үшін жақсы өтті. Қыздар айтарлықтай бәсекелестікке қарамастан лайықты нәтиже көрсетті, – деп атап өтті Қарағанды облыстық бокс федерациясының персонал және жалпы мәселелер жөніндегі бас менеджері Айгүл Байманова.

Қазір біздің спортшылар бірден бірнеше маңызды жарысқа – бокстан Латвиядағы халықаралық чемпионатқа, Қазақстан мен Азия чемпионаттарына дайындалуда.