Қарағанды облысында жыл сайын сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуды қаржыландыру көлемі өсуде. 2020 жылдан бастап мұндай көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі. Осының арқасында өңірде медициналық ұйымдардың жанынан жаңа оңалту орталықтары, бөлімшелер мен кабинеттер ашылуда.
Балалардың церебралды сал ауруы кезіндегі оңалтудан өтуі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде ең көп сұранысқа ие болып отырған шаралардың бірі. Балаларды оңалту медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенге дейін де тегін көмек аясында жүргізілді, бірақ қаржыландырудың жетіспеуінен қазіргідей ауқымдырақ көлемде көрсетілмеген.
Көпсалалы облыстық балалар клиникалық ауруханасында 2023 жылы үш жасқа дейінгі балаларға арналған заманауи оңалту орталығы ашылды. Мұнда сал ауруы кезінде, сондай-ақ инсульттан кейінгі ақаулар, бұлшық ет дистрофиясы және орталық нерв жүйесінің басқа да зақымданулары бар балаларға оңалтудың 3-ші кезеңі жүргізіледі.
— 2024 жылы біз 3—18 жас аралығындағы балаларға арналған екінші оңалту орталығын аштық. Өткен жылдың өзінде 1300-ден астам бала МӘМС бойынша оңалтудан өтті. Орталықта «Қамқорлық» корпоративтік қорының қолдауымен алынған жақсы жабдықтар мен заманауи құрылғылар бар. Реабилитологтар, неврологтар, логопедтер, психологтар, дефектологтар жұмыс істейді, — дейді оңалту орталығының жетекшісі Нина Деркач.
— Менің қызымның аты Мәриям. Ол 3 жаста. Оңалту орталығына алғаш рет 2024 жылдың басында өтініш білдірдік. Бірінші курстан кейін нәтиже бірден байқалды. Екінші рет 3 айдан кейін түстік. Оған аяқтарының сал ауруы диагнозы қойылған. Қазір үшінші оңалту курсынан өтудеміз. Бәрі тегін. Аяғын емдеумен қатар, бала логопедтермен айналысады. Қазір қызым аяғында нық тұрады. Бұл үлкен жетістік, — дейді қыздың анасы.
— Жоспарлы медициналық көмектің кез келген түрін алу секілді, оңалтудан өту үшін де тіркелген жері бойынша емханадағы учаскелік дәрігерге жүгіну қажет. Содан кейін пациентті бізге, реабилитолог дәрігерге немесе мамандардың мультидисциплинарлық тобына консультацияға жібереді. Біз өтініш берушінің жағдайын зерттеп, жоспарланған оңалтудың қажеттілігі мен тиімділігін бағалаймыз, сондай-ақ бастапқы оңалту диагнозын қалыптастырып, қалпына келтіру жоспарын анықтаймыз, — деп атап өтті Нина Деркач.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының ақпараты бойынша