Астанада ҚР Білім министрлігі ұйымдастырған бес күндік «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі басталды. Бұл Жұмысшы мамандықтар жылын ресми түрде ашқан алғашқы, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды шара. Оған Қарағанды облысынан үш жетекші колледж қатысады. Олар металлургтердің, энергетиктердің, тас және плита қалаушылардың шығармашылық үйлерін таныстырды, онда жас келушілер интерактивті форматта жұмысшы мамандықтарда өздерін сынай алады.
Имровизацияланған Жұмысшы мамандықтар қаласының аумағында сегіз тақырыптық көше ашылып, 40 креативті үй ұсынылған.
Теміртау жоғары политехникалық колледжі өзінің әлеуметтік серіктесі Qarmet компаниясымен бірге кеншілер мен металлургтер көшесінде қара металлургия үйін орнатты.
– Өзімізбен бірге «Жас маман» жобасы бойынша сатып алған жабдықтарды: тренажерлар, металлографиялық микроскоптар және т. б. әкелдік. Келушілер манекендерде домна пеші мен конвертер болат балқытушысының жабдықтарын көреді. Олардың арнайы киімдері мен аяқ киімдері жоғары температураға төзімді материалдардан жасалған. Жалпы металлургтердің жұмыс үдерісін көрсетеміз. Шеберлік сабақтарын дайындадық, – деді Теміртау жоғары политехникалық колледжінің директоры Салтанат Ақбергенова.
Осы көшеде асыл металдар үйі бар. Оны өзінің әлеуметтік серіктестерімен, жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен, Қарағанды жоғары политехникалық колледжімен бірге таныстырды. Келушілер бұрғылау қондырғысының, тиегіштің тренажерларында жаттыға алады.
Ал энергетиктер мен мұнайшылар көшесінде осы оқу орны электриктер үйін тұрғызды. Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің директоры Жанар Рахымованың айтуынша, шеберлік сабақтарында энергетика туралы қарапайымнан күрделіге дейін толық мәлімет береді.
Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі құрылысшылар көшесінде тас қалаушылар мен плита төсеушілер үйін таныстырды.
– Тас кесу және тақтайша кесу станоктарында студенттер құрылыс материалдарымен кірпіш қалау және тақтайшамен қаптау жұмыстарын көрсетеді. Интерактивті аймақта фестивальдің бес күні бойы оқушылар арасында кірпіш қалау бойынша байқаулар өткіземіз, – деп хабарлады колледж директоры Әсел Сапарова.
11–15 ақпанда Астанада EXPO халықаралық көрме орталығында (Мәңгілік ел даңғылы, 53/1) «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестивалі өтуде. Кез келген ыңғайлы уақытта сағат 10:00–18:30 дейін баруға болады. Кіру тегін.