Қарағандыда ғалымдар мен өнеркәсіп өкілдері мыс өндіру мен байытудың өзекті мәселелерін шешуде. Ә. Сағынов атындағы техникалық университет базасында хакатон – ғылыми-технологиялық сессия өтуде. Мысты жерасты және жерүсті шаймалау перспективалары, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және оларды өндіріске енгізу басты назарда.
150-ден астам ғалымдар, инженерлер мен өнеркәсіп өкілдері «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған хакатонға жиналды. Онда ғылым мен өндірістің өзара іс-қимылының жаңа форматы пысықталады.
– Бүгінгідей мыс көлемін өндіруді жалғастыру үшін бізге жаңа технологиялар мен әдістер қажет, ал ол үшін ғылым мен өнеркәсіптің тығыз ынтымақтастығы қажет, – деп атап өтті «Қазақмыс» корпорациясының тұрақты даму жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов.
Хакатон иелері, Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары экологиялық қауіпсіз шаймалау әдісін ұсынды.
– Біз күкірт қышқылы қолданылатын дәстүрлі әдістерге экологиялық қауіпсіз балама ретінде сілтілеудің микротолқынды әдісін ұсынамыз. Микротолқынды реактор қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға, сондай-ақ жобаның экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді химия және химиялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Алтынарай Тәкібаева.
Алдыңғы хакатонда техникалық университет мыс кендерінен алтын өндіру жобасымен табысқа жеткен болатын.
Satbayev University командасы зертханалық жағдайда да, қолданыстағы полигонда да сыналған руданың әрбір түрін сілтілеу бойынша сегіз жоба ұсынды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев перспективалы жобаларға пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау арқылы қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Қазақстанда ғылымды қаржыландыру моделі өзгеруде. Енді зерттеулер өнеркәсіптің нақты қажеттіліктеріне бағдарланған, ал қаржыландыру өндірістік міндеттерге байланыстырылған.
– Ғалымдар кәсіпорындармен бірлесіп нақты өндірістің нақты проблемаларын анықтайды және оларды шешу жолдарын іздейді, – деп атап өтті ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Қарағандыда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы әңгімеледі. – Осылайша, техникалық университет базасында таяу арада Ұлыбританияның жетекші тау-кен мектебінің филиалы іске қосылады. ЖОО Эксетер университетінің (The University of Exeter) жанында жұмыс істейді. Лондонда алдын ала келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ индустриялық университет базасында МИСиС Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің (Мәскеу болат және қорытпалар институты) филиалын ашу жоспарланып отыр. Ал медицина университетінің базасында – Қазан мемлекеттік медицина университетінің филиалы ашылмақ. Бұл облыстың зияткерлік, зерттеу және академиялық әлеуетін арттыруға айтарлықтай көмек болады.
Хакатонның нәтижелері бойынша Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарында одан әрі енгізу үшін қолдау алатын үздік әзірлемелер анықталады.