«Жастар практикасы»: Қарағанды облысының кәсіпорындарында 400-ден астам жас маман тәжірибе жинақтауда

«Жастар практикасы»: Қарағанды облысының кәсіпорындарында 400-ден астам жас маман тәжірибе жинақтауда

Қарағанды облысында биыл колледждер мен жоғары оқу орындарының 429 түлегі «Жастар практикасы» жобасы бойынша жұмысқа жолдама алды. Бюджет қаражаты есебінен бар-жоғы 872 адамды қамту жоспарланған.

Жастар практикасына Еңбек ұтқырлығы орталығында немесе Мансап орталықтарында ресми тіркелген жұмыссыздар жұмысқа орналастырылады. Мемлекет қолдауын 35 жастан аспаған, бес жыл бұрын диплом алған мамандар пайдалана алады.

Жұмыс ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақы мөлшері кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш (117 960 теңге). Жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша Мансап орталыққа жүгіну қажет.

Жобаны пайдаланғандардың бірі – 23 жасар Хансұлтан Мақсатұлы. Ол Әбілқас Сағынов атындағы КарТУ 2023 жылы бітірген.

– Менің мамандығым тау-кен және пайдалы қазбаларды өндірумен байланысты, – дейді ол. – Бірақ жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, өкінішке қарай, мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Ата-анамның мойнында отырмау үшін азық-түлік дүкеніне орналастым. Онда бір жылға жуық жұмыс істедім. Бірақ мен әрдайым мамандығымды жүзеге асырғым келді. Қанша жыл бекер оқыдым ба? «Жастар тәжірибесі» жобасы жайлы білген бетте өз мүмкіндігімді жіберіп алмауға бел будым.

Жас жігіттің айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап ол «QazaqGaz Aimaq» АҚ ҚӨФ өндірістік-техникалық бөлімінде жұмыс істейді.

– Маған бұл жер өте ұнайды, ұжымым жақсы, – дейді Хансұлтан. – Егер менде қандай да бір сұрақтар туындаса, онда аға әріптестерім көмектеседі. Жалақымды уақытында аламын, барлық әлеуметтік аударымдар бар. Өзімді жақсы көрсетіп, үлкен команданың бір бөлігі боламын деп үміттенемін.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша