Қарағандылық оқушылар робототехника бойынша Орталық Азия чемпионатына қатысады

Қарағандылық оқушылар робототехника бойынша Орталық Азия чемпионатына қатысады

Қарағандыдағы «Мұрагер» мамандандырылған мектебінің екі командасы Алматыдағы DARYN FIRST CHAMPIONSHIP республикалық робототехника фестивалінде үздік атанды. Енді олар робототехника бойынша Орталық Азия чемпионатында облыстың намысын қорғауға дайындалуда.

Республикалық фестивальға Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды облыстары мен Жетісу облысынан 1200-ден астам оқушы қатысты.

Жарыс үш бағыт бойынша өтті: FIRST Tech Challenge (FTC), FIRST LEGO League Challenge (FLL Challenge) және FIRST LEGO League Explore (FLL Explore).

FTC санатына оныншы және он бірінші сынып оқушылары қатысты. Олар роботтарды ересектерге арналған арнайы конструктордан жинап, алдарына қойылған міндеттерді өздігінен орындай алатындай етіп бағдарламалады.

FLL бағытында 7–8 сынып оқушылары қатысты. Олар LEGO конструкторынан роботтарды жинап, бағдарламалаған.

FLL Explore санаты LEGO-дан бағдарламаланатын роботтарды құрастырған ең жас қатысушылар үшін бөлінген.

«Мұрагер» мамандандырылған мектебінің оқушылары FTC және FLL-де бірінші орын алды. Екі команданы да информатика пәнінің мұғалімдері Бердібек Қазығұлов пен Жанәділ Шәкәрім дайындады.

– Бұл фестивальге дайындықты қазан айында бастадық. Балалар барынша тырысты. Оларға бұл шынымен де қызық екені көрініп тұрды. Балалар жеңіске жеткеніне қуанышты, әсіресе кішілер: олар үшін бұл осындай ауқымды жарыстардағы алғашқы тәжірибесі. Оқушылар қатты алаңдады, бірақ өздерін көрсете алды, – деді Бердібек Қазығұлов.

Фестивальдің республикалық кезеңіндегі жеңіс қарағандылықтарға 2025 жылдың ақпанында Алматыда өтетін робототехника бойынша Орталық Азия чемпионатына қатысу құқығын берді. Егер қарағандылық оқушылар үздік болып шықса, олар биыл көктемде АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлемдік турнирге бара алады.