Қарағандылық спортшылар конькимен жүгіру спортынан ҚР чемпионатында әйелдер арасындағы командалық жарыста қола жүлдеге ие болды. Надежда Егорова, Ирина Гутман және Евгения Габдульбарова жақсы нәтиже көрсетті.
Жарыста еліміздің ең мықты спортшылары өнер көрсетті. Қарағанды облысынан қатысуға 11 адам жіберілді. Нәтижесінде әйелдер арасындағы командалық жарыста жерлестеріміз қола иеленді.
– Қарсыластарымыз өте байсаоды болды. Астана мен Алматыда спортшылардың жағдайы жақсы. Өкінішке орай, бізде жаттығуға арналған мұз айдыны жоқ. Біз негізінен жиындарда болған кезде дайындаламыз. Қалай болғанда да, бұл жақсы нәтиже. Қыздар да спорт шебері нормативін орындады, – дейді Қарағанды облысының конькимен жүгіру спортынан аға жаттықтырушысы Дмитрий Лазарев.
Бұған дейін жасөспірімдер арасында конькимен жүгіру спортынан Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Мұнда да қарағандылықтар медаль жеңіп алды. Командалық спринтте Павел Мананков, Михаил Бровко, Иван Дроздов және Иван Ширидзянов өнер көрсеткен топ үшінші орын иеленді. Командалық жарыста да қола жүлдегер атанды. Иван Дроздов, Михаил Бровко, Ерасыл Бақтиярұлы, Иван Ширидзянов ерекшеленді.
Сонымен қатар, қарағандылық Павел Мананков 1500 м қашықтықта жеке есепте күміс жеңіп алып, спорт шебері нормативін орындады.
Қаңтар айында конькимен жүгірушілер үшін маусым жалғасады. Алда ересектер мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаттары, ҚР Кубогының финалы, төрт жылда бір рет өткізілетін ҚР ересектер арасындағы спартакиада болады.