Қарағанды облысында дәрігерлер тапшылығын төмендетудің жаңа тәсілдері іздестірілуде

Қарағанды облысында дәрігерлер тапшылығын төмендетудің жаңа тәсілдері іздестірілуде

Қарағанды облысында екі жыл ішінде медицина мамандарының тапшылығы 62%-ға төмендетілді. Бұған көтерме ақы көлемін көтеру, қызметтік тұрғын үй беру сияқты шаралар ықпал етті. Денсаулық сақтаудағы кадрлық стратегия бір орында тұрмайды. Келесі жылдан бастап медицина университетіне бакалавриатқа түсуге облыс әкімінің гранттары беріле бастайды.

– Соңғы екі жылда денсаулық сақтау жүйесіне 563 медициналық маман тартылды. Ауылдық жерлерге келген жас қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 2024 жылы жергілікті бюджеттен 63 жас маманға жалпы сомасы 407 млн теңгеге көтерме ақы төленді. Тағы 106 адам "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақылар мен бюджеттік кредиттер алды. Облыс бойынша жас дәрігерлерге 203 қызметтік пәтер берілді, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова аппараттық кеңесте.

Келесі жылы Нұра ауданындағы дәрігерлер үйін тапсыру жоспарланған. Қарағандыда "Жаңа қала" шағын ауданында медицина қызметкерлерінің тұрғын үй кешенін салуға 1 га жер учаскесі бөлінді.

Жергілікті бюджет есебінен резидентурада мамандар даярлау да өз нәтижесін көрсетуде. Қазіргі уақытта 200 адам оқып жатыр. Бұл бейінді мамандардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеседі.

Сонымен қатар, шетелде дәрігерлердің біліктілігін арттыру бюджеттен қаржыландырылады. Биыл 106 дәрігер Германияда, Финляндияда, Ресейде, Испанияда балалар нейрохирургиясы, кардиология және кардиохирургия, инсульт орталықтары, анестезиология – реаниматология, онкологиядағы нейрохирургия және т. б. салаларда тағылымдамадан өтті.

Мамандыққа деген қызығушылықтың артуына мектептердегі медициналық сыныптар ықпал етеді. Олар 94 қалалық және ауылдық оқу орындарында жұмыс істейді.

– Медициналық мамандарды даярлау бағдарламасы аясында, сондай-ақ әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 2025 жылы алғаш рет Қарағанды облысы әкімінің бакалавриатқа 20 гранты бөлінеді, – деп хабарлады Бибігүл Төлегенова.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жас мамандарды қолдауды жалғастыру жөнінде тапсырма берді.

– Біз нәтижелерді көріп отырмыз, бірақ медицина мамандарының тапшылығы сақталып отыр. Бұл мәселені шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдаңыздар. Бакалавриатқа білім беру гранттарын беру бойынша конкурс тәртібін пысықтау қажет, – деді өңір басшысы.

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау саласында 15 710 адам еңбек етеді.