Қарағандылық Айгүл Балмағамбетова Парабиден Азия және Тынық мұхиты өңірі чемпионатының жеңімпазы атанды. Қазақстан құрамасының құрамында ол Single women freestyle class 2 номинациясы бойынша алтын медаль жеңіп алды.
Жарыс елордада Тәуелсіздік сарайында өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тайвань, Жапония, Оңтүстік Корея, Мексика, сондай-ақ Гонконг және Тайбэй қалаларынан 60-қа жуық спортшы қатысты.
Парабишілер бірнеше номинация бойынша өнер көрсетті. Солардың бірінде жеңіс Қарағанды облысы мүгедектер спорты мектебінің тәрбиеленушісі Айгүл Балмағамбетоваға бұйырды. Қазылар алқасы оның Малефисента бейнесіндегі керемет қойылымына тәнті болды.
– Чемпионатқа үш ай дайындалдым. Қойылым үшін осы биді таңдадым, өйткені ол өте жарқын және күшті. Мен жеңгенімді түсінгенде, керемет эмоциялар баурап кетті. Қарсыластардың бәрі лайықты – әдемі және күшті. Қарағандыдан келген досыма және жаттықтырушым Күлшім Аталықоваға қолдау көрсеткені үшін рахмет! – дейді Айгүл Балмағамбетова.
Турнирді Дүниежүзілік World Abilitysport федерациясының қолдауымен Қазақстан Республикасының параби федерациясы ұйымдастырды.