Қарағанды облысының инвесторларға тартымды тұстары қандай

Қарағанды облысының инвесторларға тартымды тұстары қандай

Қарағанды облысында 10 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар 848 млрд теңгеге жетті, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл 26,6%-ға өсті. Жыл қорытындысы бойынша сома 1 трлн теңгеге жетеді деген жоспар бар. Бұл соңғы үш жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов "Әкімдік қайда қарап жүр" YouTube-арнасына берген сұхбатында инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығы туралы айтты.

– Биыл біз түрлі компаниялармен 30-ға жуық кездесу өткіздік, олардың көпшілігі шетелдік. Бізде өте жақсы мүмкіндіктер бар. Біріншіден, бізде жобаларды орналастыруға дайын өндірістік алаңдар бар. Келіңіз де, сала беріңіз! Бұл "Сарыарқа" АЭА, Saran индустриялық аймағы. Инвесторға не қажет? Бірінші кезекте жер, коммуникациялар, – деді ол. – Біз инвесторлармен кездесеміз, инфрақұрылымнан басқа адами капиталымыз бар екенін айтамыз. Қарағанды кадрлармен бұрыннан танымал. База бар: колледждер, жоғары оқу орындары. Кәсіпорындардың сұранысын ескере отырып, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашу мәселелерін шешеміз. Сонымен қатар, студенттер іс жүзінде дуальды оқытудың арқасында дағдыларды тікелей өндірісте алады.

Облыс әкімінің орынбасары ірі жоба үшін инвесторды басқа аймақтан тартып алған жағдайды атады.

Ермек Алпысов Облыстың болашағына да тоқталды. Үкіметте Қарағанды агломерациясын дамытудың кешенді жоспары келісілуде.

Теміртаудың айналасында металлургиялық кластер құру жоспарлануда. Жаңа өндірістер мен қолданыстағыларын кеңейту үшін мемлекеттік қолдау, оның ішінде жергілікті бюджеттен субсидиялау көзделген.

Абай ауданында қала маңындағы туризмді дамытуға мүмкіндік бар. Топар су қоймасы облыс орталығына жақын орналасқан және қала тұрғындары демалыс күндеріне бара алады. Облыс әкімінің айтуынша, Топар жағалауында жаңа демалыс аймақтарын салуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті жаңғыртуға ниет білдірушілер бар. Бірақ жолдарды жақсартып, сенімді электрмен жабдықтау қажет. Бұл мәселелер шешілетін болады, деп сендірді Ермек Алпысов.

Ал Балқашта олар туристер үшін маусымды ұзартпақшы, демалушылар мұнда жазда ғана емес, қыста да демалуға келетіндей жағдай жасалмақ. Ол үшін инфрақұрылымды жақсартумен де айналысу қажет.

Жалпы, облыс экономикасы оң үрдістерді сақтап отыр. 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 13,7% құрады. Өнеркәсіпте 11,3% өсіммен 3,2 трлн теңгеге өнім өндірілді.