
Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының консультативтік – диагностикалық орталығында өкпе функцияларын жан-жақта зерттеп, тексеретін заманауи сараптамалық класс аппарат-бодиплетизмограф орнатылды. Бұл аппараттан міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында тегін өтуге болады. Тек емдеуші дәрігердің жолдамасы болуы керек.

Процедурадан адам жеңіл өтеді. Адам ағзасына кері әсері жоқ.

– Аппарат компьютерлік томографиядан бұрын кеуде қуысының функционалдық бұзылуын анықтайды. Өкпенің функцияларын тереңірек зерттеуге арналған. Атап айтқанда, ол қанның оттегімен қанығуын тікелей анықтайды. Өкпедегі өзгерістер болса, газдардың диффузиясы, газ алмасуын көрсетеді.Тексеруден кез-келген облыс тұрғыны өте алады. Бірақ пульмонологтар нақты диагнозы бар науқастарды жіберіп жатыр. Олар өкпенің интерстициальды ауруы бар азаматтар. Ауыр обструктивті өкпе ауруына шалдыққандар. Бронхиалды астмамен, жүрек-қантамыр жүйесінің патологиясымен сырқаттанғандар, – деді консультативті-диагностикалық емхананың меңгерушісі Ляззат Шоланова.

Бодиплетизмограф өкпенің көлемін өлшеуге, тыныс алу жолдарының бітелуін анықтауға мүмкіндік береді. Тыныс алу жүйесі ауруларын диагностикалау мен бақылау үшін маңызды көрсеткіштерді бағалауға жол ашады.
Мұндай аппарат Қазақстанның екі медициналық орталығы Қарағанды мен Астанада қалаларында ғана бар.