Он бір жасар қарағандылық Мағжан Мыңбаев Sanremo Junior – 2024 XV Халықаралық балалар вокалдық байқауында Қазақстан атынан өнер көрсетті.
Жас әртіс абыроймен өнер көрсетіп, Италиядан сыйлықпен оралды: екінші орын алып, "Музыкалық аспапта үздік орындағаны үшін" арнайы жүлде иеленді.
Мағжан Мыңбаев бала кезінен ән айтады, көптеген республикалық ән байқауларының лауреаты.
Енді міне жас орындаушының таланты шетелде де бағаланады.
Наурызда Қазақстанда алғаш рет Sanremo Junior – 2024 беделді халықаралық балалар байқауына ұлттық іріктеу өтті. Нәтижесінде қарағандылық әнші жеңімпаз атанып, Италияның Сан-Ремо қаласына финалға жолдама алды.
Биыл ән байқауына 6–15 жас аралығындағы 26 елдің қатысушылары жиналды. Сан-Ремодағы Аriston театрының сахнасында Мағжан Мыңбаев баянмен сүйемелдеп, қазақтың "Ал қоңыр" халық әнін орындады. Байқауға ол өзінің тәлімгері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халық фольклоры әншісі Дәуренбек Аркеновтың жетекшілігімен дайындалды.
– Біз Мағжанның әлемдік шығармашылық аренада өзін көрсете алғанын мақтан тұтамыз. Қарсыластар өте талантты болды. Кәсіби қазылар алқасы үздіктердің үздігін таңдады. Бұл Сан-Ремодағы ұмытылмас сегіз күн болды. Керемет ұйым, керемет тәжірибе! – дейді жас таланттың әкесі Нұркен Оспанов.
Оның айтуынша, алда жаңа жоспарлар бар, басқа конкурстарға ұсыныстар келіп түскен екен.
Фотосуреттерді Нұркен Оспанов ұсынды