Қарағанды қаласының 90 жылдығына арналған патриоттық байқаудың қорытындысы шықты

Қарағанды қаласының 90 жылдығына арналған патриоттық байқаудың қорытындысы шықты

Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында "Қазыналы Қарағандым!" қалалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сайысқа 27 білім беру ұйымының 15-тен 18 жасқа дейінгі 142 оқушысы қатысты.

– Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне орай біздің кітапханада жасөспірімдерге арналған кітап апталығы ұйымдастырылды. Осы апта аясында Қарағандының 90 жылдығына арналған патриоттық байқау өтті, – дейді Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Нұргүл Қаленова. – Оның басты мақсаты – жастардың назарын қала тарихына аудару.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Алдымен оқушылар тестілеуден өтті. Сұрақтар география, тарих, мәдениет, экономика, топонимика, Қарағандының көрікті жерлері, табиғи ресурстары, сондай-ақ қаламыздың танымал адамдары туралы болды. Ал екінші турда қатысушылар диктант жазды. Мәтін Ғабиден Мұстафиннің әйгілі "Қарағанды" романының негізінде жасалды.

Тесттер бойынша ең жоғары баллды № 1 гимназия, № 95 мектеп-гимназия және № 48 жалпы білім беретін мектеп оқушылары алды. Ал екінші кезеңнің қорытындысы бойынша № 95 мектеп-гимназиясының, Сләмия Саттаров атындағы мектеп-лицейінің және Шәкәрім атындағы гимназияның оқушылары алға шықты.

– Өте қиын болды деп айта алмаймын, мен дайындалдым. Бірақ аздаған қиындықтар тудырған тарихқа қатысты сұрақтар болды. Бірақ мен диктант жазудан қиналған жоқпын. Біздің міндетіміз – ана тілінде сауатты жаза білу. Мен мұғалімдерім және ата-анама өте ризамын, – дейді Сләмия Саттаров атындағы мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Меруерт Түсіпханова.

Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.