Қарағанды облысында 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық басталып кетті

Қарағанды облысында 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық басталып кетті

Қарағанды облысында 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық ретінде өзен арналарын санациялауға, елді мекендерде қорғаныс біліктерін орнатуға және нығайтуға, автожолдардағы құбырлардың су өткізу қабілетін арттыруға бағытталған 160-тан астам іс-шара жоспарланған.

Бүгінгі таңда өңірде инженерлік жұмыстар жоспары әзірленуде. Арықтар қалпына келтіріліп, тазартылады, нөсер кәрізінің коллекторлық-дренаждық жүйелері кеңейтіледі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өтетін брифингте алдағы жұмыс туралы Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов айтып берді.

– Су тасқыны кезеңінде облыс аумағында болған барлық жағдайларды ескере отырып, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың Жол картасына және облыстық инженерлік жұмыстар жоспарына ұсыныстарын қалыптастыру басталды, – дейді Мұрат Қатпанов. – Ақтоғай ауылының маңында ұзындығы 4,4 км және Нұра – Жаңаталап ауылындағы жаңа көпірден Волховский ауылы ауданындағы өзеннің сағасына дейін ұзындығы 9 км болатын Тоқырауын өзенінің арналарын санациялау бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады.

Сондай-ақ облыстық маңызы бар Қарағанды – Саран – Шахтинск автомобиль жолындағы Шерубай – Нұра өзені арқылы өтетін көпірді және облыстық маңызы бар Осакаровка – Литвиновское – Тельман – Молодежный автомобиль жолындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту қажет. Таңатбай су қоймасы да күрделі жөндеуді қажет етеді.

Осы іс-шаралардың барлығын іске асыру облыстың 50-ден астам елді мекенін су басу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді, деп атап өтті спикер.