Қарағанды жолдарына жаңа белгілер салынып жатыр

Қарағанды жолдарына жаңа белгілер салынып жатыр

Қарағандыда жол таңбалары жаңартыла бастады. Ең алдымен, ол жаяу жүргіншілер өткелдерінде және қозғалысы қарқынды магистральдарда қолданылады.

Таңбалауды жаңартпас бұрын жұмысшылар жол төсемін тазартты.

"Бірінші кезекте жаяу жүргіншілер өткелдеріне кірістік. Біз сондай-ақ бақылау жасаймыз және кейбір жолдарда бөлу жолақтарын қолданамыз. Биыл магистральдық және негізгі жолдарда бөлу сызықтарын термопластикпен, ал бүкіл қала бойынша зебраларды суық пластикпен бояп шығамыз. Олардың арасындағы айырмашылық қолдану тәсілдерінде. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай белгілер ұзақ сақталады. Қызмет ету мерзімі 6 айдан асады. Қосалқы жолдарға келетін болсақ, мұнда таңбалау арнайы бояумен жасалады", – деп хабарлады Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.

Биыл екі түрлі мердігер қаланың екі ауданында – Қазабек би және Әлихан Бөкейханда жұмыс істейді. Осылайша, жаңа таңбалауды қолдану жылдамырақ өтпек.

Ал Балқашта жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін сфералық айналар орнатылады. Олардың басты міндеті – қауіпті бұрылыстар мен көруге кедергі келтіретін заттары бар қиылыстарда апаттың алдын алу. Алғашқы үш айна Абай көшесінде, Уәлиханов – Қазбеков көшелерінің қиылысында және Жұмысшы кентіндегі Ынтымақ көшесінде орнатылды.

Ынтымақ пен Қараменде би көшелеріндегі күрделі қиылыстарда тағы екі сфералық айна пайда болады. Қауіпсіздік құралының беті жұмсақ, жылтыр материалдан жасалған. Ол соққыға төзімді және ауа-райы мен тікелей күн сәулесінің әсеріне ұшырамайды.