Шахтинск тұрғыны көпқабатты үйдің ауласын 20 жыл бойы көркейтіп келеді

Шахтинск тұрғыны көпқабатты үйдің ауласын 20 жыл бойы көркейтіп келеді

Кейбіреулер аулалар қоқысқа толы және абаттандырылмаған деп шағымданса, басқалары өз қолдарымен үй аумағын көркейтуден шаршамайды. Сондай бір мысал ретінде Шахтинск қаласының тұрғыны Михаил Афанасьевтің өз ауласын жылдар бойы безендіріп келе жатқанын айтуға болады.

Әр түрлі сортты ағаштар, гүлзарлар, импровизацияланған материалдардан жасалған мүсіндер – мұның бәрі Жеңістің 40 жылдығы көшесіндегі № 65 үйдің тұрғындарын күн сайын қуантады. Бұл 83 жастағы Михаил Афанасьевтің басты еңбегі де, ермегі де. Шахтинск бойынша жұмыс сапарларының бірінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл қарияның еңбегін атап өтіп, қала әкіміне ол кісіге абаттандыру жұмыстарын жүргізуге көмектесуді тапсырды.

– Шахтинск қаласында 1973 жылдан бері тұрамын. 20 жыл бұрын ауламен айналыса бастадым. Алдымен ағаш отырғыздым. Мен табиғатты және жер анамызбен байланысы баи әрбір тылсым затты жақсы көремін. Содан кейін импровизацияланған гүлзарларға гүл отырғыза бастадым. Кейіннен одан зорғысын жасағым келді – мен жануарлардың мүсіндерін жасауды шештім. Мен үшін де, адамдар үшін де бұл үлкен қуаныш, – дейді зейнеткер.

Михаил Афанасьев Қазан қаласының көркемсурет училищесін "ағаш кесуші" мамандығы бойынша бітірген. Иіріліп өскен бұта көрсе болды, іштей бір бейнені ойластыра бастайды екен. Ағаштан құстар мен жануарлар осылай пайда болады. Табиғи мүсіндердің кейбірі тірі секілді көрінуі үшін бояп, толықтырып отырады.

– Сондықтан да болар, менің ауламда жыландар көп. Олар пішіні бойынша бұтақтарға ұқсайды. Көршілердің мені қолдайтыны қуантады. Міне,  билік те менің жұмысымды байқады. Облыс әкімі еңбекті бағалайды деп ешқашан ойлаған емеспін. Бұл өте жақсы. Жергілікті әкімдік маған бояу сатып алды, мүсіндерімді жаңартамын. Мұның бәрі одан әрі жұмыс істеуге күш береді, бірден жаңа идеялар пайда болады. Қазір мен үйде емен ағаштарын өсіремін. Күн сайын жаңа жапырақтарды санаймын, биыл оларды аулаға отырғызамын деп жоспарлап отырмын, – дейді Михаил Афанасьев.

Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков қариямен кездесті. Ол оған облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырып, көмектесуге уәде берді. 

Құрылыс материалдары сатып алынды. Болашақта үйдің алдындағы бақшаны қоршау, гүлдер, тыңайтқыштар, көшеттер отырғызу үшін контейнерлер сатып алу жоспарлануда.

Облыста "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы өтуде. Тұрғындар мен кәсіпкерлер өз аумақтарын тазартып, жақсарта алады. Қандай жұмыс жасалатыны маңызды емес: тағы бір отырғызылған ағаш немесе жиналған қоқыс болса да, еліміздің көркеюіне қосылған үлес болады.