Қарағанды облысы RoboLand – 2024 халықаралық фестивалінде бірінші орын иеленді

Қарағанды облысы RoboLand – 2024 халықаралық фестивалінде бірінші орын иеленді

Қарағандыда RоboLand – 2024 IX Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінің қорытындысы шығарылды. Екі күн ішінде оның алаңында бес елден: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Ресейден 350-ден команда бақ сынасты. Қарағанды облысы өз көшбасшылығын тағы да растады. RoboLand кубогы жарыстың отанында қалады.

"Roboland – 2024 Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінің жалпы командалық есебінде Қарағанды облысының құрамасы тағы да сенімді жеңіске жетті. 

Екінші орында – Өзбекстан құрамасының командасы. Үшінші орынды Павлодар облысының өкілдері иеленді", – деп хабарлады ұйымдастырушылар.

Қарағанды облысынан 25 команда жеңімпаз және жүлдегер атанды. Бірінші орын – 11, екінші орын – 7 және сонша үшінші орын.

Ауыл оқушылары лайықты өнер көрсетті.

Мысалы, "Басқарылатын роботтар футболы" санатында Осакаров ауданының Молодежный кенті Қ.Сәтбаев атындағы тірек мектебінің (ресурстық орталықтың) оқушылары үздік атанды. Ростов тірек мектебінің жас дизайнерлері мен бағдарламашылары "Робогеометрия" санатындағы барлық қарсыластарынан асып түсті. Берілген модельді бір сағат ішінде жасап, 3D прототиптеуде 10–14 жас аралығындағы қатысушылар арасында Осакаровка кентіндегі № 12 тірек мектебінің балалары алдарына жан салмады.

Жарыс 15 санат бойынша өтті. Қатысушылардың жасы 4-тен 18 жасқа дейін.

Айта кету керек, мектеп командаларының қатысуы мұғалімдер үшін беделді және маңызды. RoboLand Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің олимпиадалары мен конкурстарының тізбесіне енгізілген.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер лауреаттар дипломдарын, естелік медальдар мен сыйлықтар алды.

Естеріңізге сала кетейік, RoboLand фестивалі Қарағандыда 2015 жылдан бері өткізіліп келеді, ал 2016 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Оның ұйымдастырушысы – ҚР Білім Министрлігінің, Kazdidac қауымдастығының, демеушілер мен серіктестердің қолдауымен Қарағанды облысының білім басқармасы.