Қарағанды облысында заманауи ДСК мен бассейн салынады

Қарағанды облысында заманауи ДСК мен бассейн салынады

Қарағанды облысында алдағы жылдары алты заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жаңа бассейн пайда болады. Өңірдегі спорттың дамуы туралы аппараттық кеңесте дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев баяндады.

ДСК Приозерск, Ақтас, Бұқар жырау ауданы Ғ. Мұстафин атындағы ауыл, Абай ауданы Топар кенті, Ақтоғай ауданы Сарышаған кенті, Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентінде салынады. Ал Осакаровкада заманауи бассейн пайда болады. Қарқаралыда стадион қайта жаңғыртылуда.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 65,4% құрады, биылғы жоспар оны 66,6%-ға дейін жеткізу. Бұл көрсеткішті орындау үшін облыста сегіз ірі спорт нысанын салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы республика бойынша біздің өңір спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша алдыңғы қатарда, – деп атап өтті Темірхан Абылаев. – Қарағанды облысында барлығы 1247 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның ішінде 299 ғимарат ауылдық жерлерде орналасқан. Спорт нысандарын салу мәселесі тұрақты бақылауда.

Сонымен қатар "Қазақстан Халқына" және "Самұрық-Қазына" қорларының қаражаты есебінен Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде, Бұқар жырау ауданының Баймырза және Доскей ауылдарында, Қарқаралы ауданының Бүркітті мен Жарлы ауылдарында, сондай-ақ Балқашта жүрдек спорт кешендерін салу жоспарлануда.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев спорт нысандарының құрылысын бақылауда ұстауды және жұмыс сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.