Қорытындылар мен жоспарлар: Қарағанды облысының білім басқармасы

Қорытындылар мен жоспарлар: Қарағанды облысының білім басқармасы

Бұқар Жырау ауданының Новостройка ауылында биыл апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңасы ашылуы тиіс. Қарағандыда "Күнгей" шағын ауданында да жаңа мектеп тапсырылады деп жоспарланып отыр. Бұл облыс орталығындағы орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Пришахтинскіде заманауи оқушылар сарайы есігін айқара ашады. Білім басқармасының жанынан балаларға, ата-аналарға және педагогтарға көмек ретінде психологиялық қолдау орталығы құрылады.

Өткен жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылдың жоспарлары туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова есеп берді.

Мектепке дейінгі білім беру

Облыста 411 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның төрттен бірі жекеменшік. Олар 39,5 мың баланы қабылдайды.

Жеке инвестициялар есебінен балабақшаларда қосымша орындар құрылады. Ал қызметтер ата-аналарға қолжетімді болуы үшін мемлекеттік тапсырыс қарастырылған.

2023 жылы 2172 жаңа орын ашылды. Биыл мыңнан астам орын ашуға мүмкіндік бар. Қарағандыда, Новоузенка ауданында жеке балабақша салынуда. Қалалар мен ауылдық жерлерде жұмыс істейтін жеке бақшаларда топтарды кеңейту жоспарланып отыр. Бюджет есебінен Балқашта бұрынғы емхана ғимаратын балабақша ретінде қайта жаңартады.

3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту жүз пайыз қамтамасыз етілген, 2 жастан 6 жасқа дейін – көрсеткіш 79,5%-дан 82,6%-ға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, жас отбасылардың саны артып келеді, әсіресе облыс орталығында. Сондықтан 2 жастан бастап сәбилер кезекте тұрмауы үшін жаңа балабақшалар қажет.

Тағы бір жаңашылдық – мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру мен кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы. Бұл ата-аналарды орындарды "аулау" қажеттілігінен арылтады. Олар төрт балабақшаны таңдай алады. Өткен жылы бұл жоба Шахтинск қаласында енгізілді. Қазір "бала үшін ақша" қағидаты бойынша Бірыңғай жүйені іске қосуға дайындық жүріп жатыр.

Орта білім

Облыста 402 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 231 ауылдық мектеп бар. 

Жергілікті бюджет есебінен үш жаңа мектеп салынуда – Қарағандыда, Қарқаралы ауданының Талды ауылында және Бұқар Жырау ауданының Новостройка ауылында. Сонымен қатар , Қарағандыда бұзып тастаған № 44 апатты мектептің орнында жаңа ғимарат салынады. Қазір ЖСҚ әзірленуде.

Қарағанды облысындағы "Жайлы мектептер" ұлттық жобасы бойынша 2025 жылға дейін 12 500 орындық 18 заманауи мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде биыл Қарағанды, Балқаш, Бұқар Жырау және Шет аудандарында 10 мектеп тапсырылуы тиіс.

Сонымен қатар, мектептерді жаңғырту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 15 ғимаратта күрделі жөндеу жүргізу көзделіп отыр.

Оқу жабдықтары да жаңартылуда. Өткен жылы физика, химия, биология, STEM пәндерін оқытуға арналған 72 заманауи кабинет сатып алынды. Биыл тағы 65 кабинет алу жоспарланған.

"Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту" жобасы бойынша "Қазақстан халқына" қоры 8 мектепті жаңғыртқан. Биылғы жылы тағы үшеуін жаңарту жоспарланған.

Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайту үшін "Репетитор", "Цифрлық мұғалім", "Табыс формуласы", "Мың мектеп" жобалары іске асырылуда.

Мектептерде барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақ алады. Бұл 75 мыңнан астам бала. Сондай-ақ, жалпыға бірдей білім беру қорының есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 6 мыңға жуық бала тегін түскі ас ішеді.

Өткен жылы облыста 27 жаңа мектеп автобусы сатып алынды. Биыл жаңарту жалғасады.

Инклюзивті білім беру

Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 15 мыңға жуық бала бар. 17 арнайы ұйым жұмыс істейді: психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту орталықтары және аутизмі бар балаларды қолдау орталығы.

Қарағандыда, Майқұдықтағы № 36 мектеп базасында тағы бір ПМПК, сондай-ақ Балқаш пен Бұқар Жырау ауданында екі психологиялық – педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарлануда.

Инклюзивті білім беру үшін жағдайлар балабақшалардың 55%, мектептердің 81% және колледждердің 70%-ында құрылған. Облыстық инклюзияны қолдау ресурстық орталығы, 8 инклюзияны қолдау кабинеті, 45 психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің кабинеті жұмыс істейді.

 

Қауіпсіздік

Барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Көптеген камералардан сигнал ЖБО-ға және полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне шығарылды. Қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда.

Барлық балабақшаларда, мектептерде және колледждерде дауыстық ескерту жүйесі орнатылған. Сондай-ақ, дабыл түймелері бар. Арнайы күзет 321 ұйымға енгізілді.

Техникалық және кәсіптік білім беру

Қарағанды облысында 54 колледжде 32 мың студент оқиды. Оның 71%-ы тегін. Жыл сайын сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс өсуде.

Биылғы оқу жылында алты колледжде сегіз жаңа мамандық және тоғыз біліктілік ашылды – "Цифрлық техника", "Бағдарламалық қамтамасыз ету", "Интерьер дизайны" және т.б. Тағы сегіз мамандық ашу жоспарлануда. Мысалы, жаңа тұрмыстық техника зауыты үшін полимер бұйымдарын дайындайтын технологтар дайындалады.

Облыста жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы құрылды. 

"Жас маман" жобасы бойынша 14 колледж жабдықталған. Бұл материалдық-техникалық базаны едәуір жақсартты. 2024-2026 жылдары зертханалар, құзыреттілік орталықтарын құра отырып, тағы 10 колледжді жаңғырту жоспарлануда.

Дуальды оқыту 39 колледжде жұмыс істейді. Коммерцияландыруды дамыту үшін колледждер базасында жеке оқу шаруашылықтары мен шағын-кәсіпорындар құрылатын болады. Биыл Қарағанды тамақтану және сервис колледжі шағын наубайхана ашуды жоспарлап отыр.

Кадрлар

Облыстың білім беру ұйымдарында 24 355 педагог жұмыс істейді. Жыл сайын қатарды 600-ге жуық жас маман толықтырады.

Алайда мұғалімдердің жетіспеушілігі мәселесі әлі де бар. Бұл мәселені шешудің бір жолы – жергілікті бюджеттен педагогикалық мамандықтарға гранттар бөлу. Соңғы үш жылда 100 адам оқыды, олардың барлығы жұмысқа орналасты. Биылғы оқу жылында 20 грант берілді.

Өткен жылдан бастап Teach for Qazaqstan қоғамдық қорымен бірлесіп мамандыққа "бүйірлік" білім беру жобасы енгізілді. Қайта даярлаудан кейін мектепке бұрын басқа салада жоғары білім алған 33 адам жұмысқа орналасты. Биылғы жылы бұл жобаға көбірек мектептерді  тарту көзделіп отыр.