Қарқаралы ауданында 17 медициналық нысан салынады

Қарқаралы ауданында 17 медициналық нысан салынады

Қарқаралы ауданында заманауи медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен ФАП пайда болады. "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы бойынша екі жыл ішінде он жеті жаңа нысан салу жоспарлануда.

Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте жаңа медициналық мекемелерінің құрылысы және Қарқаралы ауданының

әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы әкімі Әділжан Арғынов айтып берді.

– Ауылдық денсаулық сақтаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биыл Татан, Томар және Ақжол ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға берілді, – деп атап өтті Әділжан Арғынов. – Биыл және келесі жылы 17 медициналық нысан салу жоспарлануда. Бұл үш дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт.

Сонымен қатар, Қарқаралыда жайлы мектеп салу жоспарлануда. Үш ауыл мектебіне ағымдағы жөндеу жүргізіледі, тағы төрт мектепте блоктық-модульдік қазандықтар орнатылады. Аудан орталығында стадионға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады.

– "Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасы бойынша Қарағайлы кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарлануда. "Қазақстан халқына" және "Самұрық – Қазына" қорларының қаражаты есебінен Нұркен және Бүркітті ауылдарында әмбебап жылдам салынатын спорт залдары пайда болады, – деді аудан басшысы.

Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – аудандағы басым бағыттардың бірі. Қарқаралыда Жарлы – Қарқаралы топтық су құбырының құрылысы аяқталып, ол қаланы сумен жабдықтау мәселесін түпкілікті шешеді. Жоба биыл пайдалануға берілуі тиіс.

Сондай-ақ, Қарағайлы кентінде су құбыры және кәріз желілерінің, Бүркітті және Теректі ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталуда. Өткен жылы Матақ пен Томарда су құбыры желілерін қайта құру жұмыстары басталды. Барлық жобаларды биыл пайдалануға беру жоспарлануда.

Қарқаралы қаласының 200 жылдығына орай қалада Т. Әубәкіров көшесінің 2,2 шақырымын жаяу жүргіншілер және тротуар аймақтарын абаттандырумен, жарықтандыру тіректерін орнатумен қайта жаңарту жоспарланған. Сондай-ақ Ш.Жандарбекова атындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу, Құнанбай-қажы мешітін қайта жаңарту жұмыстары аяқталады.

Қалада тарихшылардың, этнографтардың және еліміздің әр өңірінен келген қонақтардың қатысуымен "Қарқаралы – тарих толқынында" тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізуге дайындалуда.

Бұдан басқа, ауданда туристік маршруттар әзірленетін болады.