
Nura arnasy еріктілер штабының мүшелері Нұра ауылындағы тазалықты қадағалайтын аула сыпырушыларға тосын сый жасады. Олар тазалық жұмыскерлеріне және көп балалы отбасылардың балаларына 30 қысқы күрте сыйлады.

Қайырымдылық акциясы Астаналық кәсіпкерлердің қолдауымен өткізілді.

Олар мұқтаж жандар және коммуналдық қызметкерлер арасында бөлінген 30 жылы күртешені еріктілерге тапсырды.

– Мен Нұрада тұрамын және осы адамдардың барлығын білемін, олармен жиі сөйлесемін, олардың қиын жұмысын көремін. Ыстықта да, суықта да олар біздің ауылды тазартады, тазалықты қадағалайды. Сонымен қатар, өте қарапайым және ешқашан ештеңеге шағымданбайды. Бізге күртешелер тапсырылған кезде біз оларды осы жұмысшыларға сыйға тартуды шештік, – деді Nura arnasy еріктілер штабының және Нұра ауданының Жастар ресурстық орталығының басшысы Талғат Шолтаев.
Nura arnasy еріктілерінің есебінде көптеген игі істер бар.

Жаңа жыл қарсаңында олар мүгедек балаларға 70-тен астам тәтті сыйлықтар таратып,

Қарттар үйіндегі қарияларға мерекелік дастархан жайып, мереке ұйымдастырды.

Сондай-ақ жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға көмектесті.
Сонымен қатар, штаб еріктілері 20-дан астам жалғызбасты және қарт адамдар тұратын үйлердің аулаларын қардан тазартты. Боран кезінде қар құрсауында қалып қойған көліктерден адамдарды құтқарды.
– Біздің штабта 120-дан астам еріктілер бар, бірақ олардың 70-і белсенді. Бұл мектеп оқушылары, студенттер және әртүрлі ұйымдардың қызметкерлері, соның ішінде мұғалімдер де бар. Соңғы боран кезінде мұғалімдер тоқтап қалған көліктегі жолаушыларды қар құрсауынан шығарып алуға көмектесті, біз оларды жылыту пункттеріне дейін эвакуацияладық. Демеушілік көмектің арқасында біз әрқайсысының салмағы 50 келі болатын 30 азық-түлік жиынтығын таратуды жоспарлап отырмыз. Бізге негізінен елордалық кәсіпкерлер, ірі супермаркеттер мен ұйымдар көмектеседі, – деді Талғат Шолтаев.