
Еліміздің талантты жас ғалымдарына 50 мемлекеттік ғылыми стипендия берілді. Олардың арасында зерттеулері маңызды деп танылған қарағандылықтар да бар. Стипендия иегерлері қатарында Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі Сұңғат Ақажанов және Қарағанды индустриалды университетінің доценті Андрей Волокитин бар.

Сұңғат Ақажанов геотехника саласында жұмыс істейді. Жас ғалым Каспий теңізінің қазақстандық жағалауындағы порттардың қадалар іргетастарын салу үшін геоақпараттық карта жасаумен айналысады.
– Бұл порт құрылысы аумағының инженерлік-геологиялық деректерін картаға түсіруге және талдауға арналған заманауи компьютерлік цифрлық технология болады. Бағдарлама жобалау мен іздестіру жұмыстарының мерзімдері мен шығындарын қысқартуға, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Сұңғат Ақажанов.

Андрей Волокитин "Металдарды қысыммен өңдеу" кафедрасының доценті болып жұмыс істейді. Ол қатысатын жобалар металл өңдеу саласындағы технологияларды жетілдіруге бағытталған.
Сонымен қатар, Қарағанды жоғары оқу орындарының қызметкерлері әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өте алады. Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ-де алты стипендия, ал А. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде – төрт стипендия жеңіп алды.