
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев белгілі қазақстандық опера әншісі Кенжеғали Мыржықбайды мерейтойымен құттықтап, оның ел мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Биыл ол 70 жасын атап өтуде.
Өңір басшысы өнертану профессорына облысқа келгені үшін алғыс айтып, онымен мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
– Біз сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Сіз елімізді насихаттап, мәдениеттің дамуына зор үлес қосып жатырсыз. Білім бересіз, сіздің шәкірттеріңіз әлемге танымал болып келеді. Сіз бізге жиі келіп тұрарсыз деп үміттенемін. Болашақта біздің әртістермен бірлескен жобалар болуы мүмкін.
Облыста әншінің 70 жылдығы мен келе жатқан Жаңа жылды мерекелеу аясында Кенжеғали Мыржықбайдың концерттері өтеді. Абай атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығы лауреатының шеберлігін Осакаров ауданының көрермендері мен Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ студенттері бағалай алады.
– Мен Қарағанды облысына келгеніме қуаныштымын. Өңірдің өркендеуіне тілектеспін. Жаңа жыл есте қаларлықтай болсын! Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлығын ертеңгі концерттеріме шақырамын. Олардың бірі ҚарУ Студенттер сарайында сағат 11:00-де өтеді, – деді опера әншісі.
Кенжеғали Мыржықбай 1953 жылы 3 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. М. Төлебаев атындағы музыка училищесін және Алматы консерваториясын бітірген. Әнші мансабын 1981 жылы Абай атындағы Академиялық опера және балет театрының солисті ретінде бастады. 2012 жылдан бастап Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ "Кәусар" мәдени-ағарту бірлестігін басқарады.
Кенжеғали Мыржықбай шығармашылық қызметі жылдарында әлемнің 15 елінде гастрольдік сапармен өнер көрсеткен.