Еліміздің үздік киберспортшылары ALAMAN 2023: Qarağandy финалында өнер көрсетеді

Еліміздің үздік киберспортшылары ALAMAN 2023: Qarağandy финалында өнер көрсетеді

Қарағандыда Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында ALAMAN 2023: Qarağandy екінші аймақтық киберспорт турнирі өтуде. Үздік ойыншылар Counter-Strike 2 және киберфутболдан LAN финалында күреседі.

Жалпы алғанда, Counter-Strike 2 финалына шығу құқығы үшін 68 команда, ал киберфутболдан 168 адам бақ сынады. 

Іріктеу турының қорытындысы бойынша Counter-Strike-2 финалына екі алматылық AVANGAR және Temp Almaty командалары өтті.

– Біз турнирге Алматыдан келдік. Біздің команда бес адамнан тұрады. Іріктеу турында төрт ойын өткізілді, финалда AVANGAR ойыншыларымен кездесеміз. Жеңіске жетеміз деп үміттенеміз, – дейді Temp Almaty командасының ойыншысы Алемхан Молдакамалов. – Мұндай турнирлер Қазақстанда киберспортты дамытуға көмектеседі.

Киберфутболдан финалға Қарағанды облысынан төрт спортшы қатысты.

Оның ішінде FIFA бойынша Қазақстанның төрт дүркін чемпионы Олжас Есентаев және ALAMAN 2020: Qaragandy жеңімпазы Ақназар Бексеитов бар. Екі спортшы да FIFA әлем чемпионатының қатысушылары.

– Мен киберспортқа 7 жылымды арнадым, 15 жасымда ойнай бастадым. Мен үшін бұл көпшілік ойлағандай жай ғана хобби емес, бұл жұмыс. Мен ақша табамын, атаққа ие боламын. Қазақстанда чемпионаттарында төрт жеңіс, Еуропада 38-ші орын иеленгенмін. Мұның бәрі FIFA арқасында, – деді Олжас Есентаев. – Қазақстанда киберспорт жақсы дамып келеді. Киберспортшылар қатары өскенін қалаймын, өйткені бұл адамның аналитикалық қабілеттері дамитын ең интеллектуалды ойын түрлердің бірі.

LAN-финалдың ашылуына Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов қатысты. Ол спортшыларға сәттілік тілеп, өңірдегі киберспортты дамыту үшін осындай турнирлердің маңыздылығын атап өтті.

– Ғалымдар бейне ойындар жасөспірімдерде логикалық және сыни ойлауды, олардың реакциясын дамытатынын дәлелдеді. Жалпы, кибер ойындарды жақын арада Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізуді жоспарлап отыр. Мұндай турнирлерді өткізу спортшылардың практикалық дағдыларын жетілдіру үшін өте маңызды, – деді Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жұмаханов.

ALAMAN 2023: Qarağandy турнирі "Қазақтелеком" Акционерлік қоғамы мен Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының, сондай-ақ "Терриконовая долина"өңірлік it-хабының қолдауымен ұйымдастырылды. 

Турнир нәтижелерін pinger.kz.сайтынан бақылауға болады.