Қарағанды облысында 11 мыңнан астам бала тегін спорт секцияларымен айналысады

Қарағанды облысында 11 мыңнан астам бала тегін спорт секцияларымен айналысады

Қарағанды облысында жыл сайын спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдер саны артып келеді. Бұған жаңа нысандардың құрылысы және Artsport спорт үйірмелерін жан басына қаржыландыру мемлекеттік бағдарламасы ықпал етуде.

Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рустам Қожабеков Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте бұқаралық спорттың дамуы туралы айтып берді.

– Қарағанды облысында бұқаралық спортты дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. Өңірде 430 мыңнан астам адамды қамтитын 1196 спорт ұйымы жұмыс істейді, – деді Рустам Қожабеков. – 27 мыңнан астам баланы қамтитын 39 спорт мектебі жұмыс істейді, оның ішінде көп балалы отбасылардан шыққан 1800 тәрбиеленуші және 207 жетім бала бар. Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында 5 мыңнан астам спорт секциялары жұмыс істейді. Art sport бағдарламасы бойынша тегін секцияларда 11 900 бала мен жасөспірім айналысады. Сондай-ақ облыста 10 209 адам жаттығатын 87 балалар мен жасөспірімдер клубы бар.

Облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлерін дамытуға да көп көңіл бөлінеді. Қарағанды, Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларында аутизм спектрі бұзылған, Даун синдромы және ЗПР бар балаларды жүзуге үйрету бойынша жоба іске асырылуда. Бұл республикадағы осы бағыт бойынша жалғыз жоба. Оған 150 бала қатысуда. Тірек-қимыл аппараты зақымданған тағы 62 бала Қарағанды мен Теміртауда шахмат және адаптивті таэквондомен айналысады. Келесі жылы Даун синдромы және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған тағы екі жүзу және жеңіл атлетика жобасы жүзеге асырылмақ. Ол 90 баланы қамтиды деп жоспарлануда.

Облыстағы тағы бір басым бағыт -спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігі. Бүгінгі таңда өңірде 1247 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның 299-ы ауылдық жерлерде.

– Биыл облыстық бюджет есебінен 11 спорт нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жеті ірі спорт нысанының құрылысы жалғасуда. Бұл Бұқар жырау ауданының Ботақара кенті мен Ғ. Мұстафин атындағы кентінде 320 орындық, Абай ауданының Топар кентінде 100 орындық Приозерск қаласында 210 орындық, Ақтас кентінде 150 орындық және Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешендері. Сондай – ақ, Қарқаралыда стадион құрылысы жүріп жатыр, – деп атап өтті спикер.

Келесі жылы "Қазақстан халқына" қоры мен "Самұрық-Қазына" АҚ қаражаты есебінен Қарқаралы, Бұқар Жырау, Нұра, Шет және Ақтоғай аудандарында жылдам салынатын жеті спорт кешенін салу жоспарлануда.