Қарағанды облысында жыл мұғалімдері таңдалды. Кіл жүйріктен, үздік болып Ақтоғай ауданының география пәнінің оқытушысы таңдап алынды. 28 жастағы Елдос Жаңбырбай Шашубай кентіндегі мектепте жұмыс істейді.
Педагог-модератор балаларға өз пәнін үйретіп қана қоймай, оларды әртүрлі экологиялық акцияларға қатыстырады, "Қызықты география" жобалық қызметі арқылы ой-өрісін кеңейтуге көмектеседі. Оқушылар туған өлкесінің табиғаты, жердің географиялық ерекшеліктері туралы танымдық бейнероликтер түсіріп, жалпы Қазақстан туралы ақпарат береді.
– Мен "Жыл мұғалімі" байқауына алғаш рет қатысып отырмын. Гран-приге қол жеткізу оңай болған жоқ. Барлық қатысушылар лайықты болды. Финалға шықпас бұрын біз аудандық кезеңнен өттік. Финалдық турда сабақтан тыс уақытты қалай өткізетінімізді көрсеттік. Сонымен қатар мүлдем бейтаныс балалармен ашық сабақ өткіздім. Мен дарынды балаларға арналған "Дарын" облыстық мамандандырылған мектебінде сабақ өткіздім. Сондай – ақ, біз визит карточкасын дайындап, өзімізді таныстырып, қазылар алқасы мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп, үй тапсырмасын дайындауымыз керек болды, – дейді Гран-при иегері.
Елдос үй тапсырмасын театрландыру арқылы орындады. Бірнеше минут ішінде ол актерлік талантын көрсетіп, қазылар алқасын өзінің бір күнімен таныстырды.
Осындай тапсырмаларды басқа конкурсанттар да орындады. Финалға тоғыз педагог өтті.
Арнайы сыйлық – Рамазан Төребеков атындағы грантқа Бұқар Жырау ауданы Ю. Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектептің математика пәнінің мұғалімі Ербол Айболат ие болды.
Бірінші орын облыстық "Дарын" мамандандырылған мектеп-интернатының химия пәні мұғалімі Сәліман Шибаеваға бұйырды.
Екінші және үшінші орындарды Осакаров ауданының № 9 гимназиясы базасындағы тірек мектебінің (Ресурстық орталықтың) орыс тілі
мен әдебиеті мұғалімі Нұрия Доминова мен Шет ауданының Ы.Алтынсарин атындағы Тірек мектебі (ресурстық орталығы) жанындағы интернаттың ағылшын тілі мұғалімі Арайлым Әлімқұлова иеленді.
Қалған қатысушылар арнайы номинацияларға ие болды.