Қарағандылық жанкүйерлерді республикалық күрес турнирі күтуде

Қарағандылық жанкүйерлерді республикалық күрес турнирі күтуде

Қарағандыда 5–10 желтоқсан аралығында батыр-ұшқыш Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған еркін, әйелдер және грек-рим күресінен 55-ші Республикалық турнир өтеді. Жарыстың ашылуы 5 желтоқсан сағат 17:00-де "Жастар"спорт кешенінде өтеді. Кіру тегін.

Турнирге 400-ге жуық спортшы қатысады. Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстанның  түкпір-түкпірінен және Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан командалар жиналады.

Алғаш рет батыр-ұшқышты еске алу сайысы 1961 жылы өтті. Оның ұйымдастырушылары-Қарағанды облысындағы классикалық және еркін күрес мектебінің негізін қалаушы, ҚазКСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шарип Харисов пен ҚазКСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Феликс Премильский болған.

Біріншіліктің жеңімпаздары қатарында олимпиада ойындарының жүлдегерлері Ислам Байрамұқов пен Мәулен Мамыров бар. 2005 жылдан бастап турнирге әйелдер де қатыса бастады. Әйелдер арасында алғаш рет жарыс жеңімпазы Бейжіңдегі XXIX Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Шалыгина болды.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша