Қарағандылықтар Newsky Award халықаралық сыйлығын иеленді

Қарағандылықтар Newsky Award халықаралық сыйлығын иеленді

Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының магистранты Асылан Смағұлов Newsky Award халықаралық медиа сыйлығын алды.  Ол әлеуметтік медиа блогының үздік авторы атанған.

Nevsky Award сыйлығы осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Ол қазақстандық және әлемдік медианың кәсіби журналистеріне, сондай-ақ жас тілшілер мен блогерлерге беріледі.

Ұйымдастырушылар – United Charity Projects Evolution қоғамдық қоры және Қазақстан Журналистика Академиясы.

Биыл ұйымдастырушылардың newskyaward.org сайтына Италия, Франция, Түркия, Хорватия, Дания, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Испания, Қытай, БАӘ және Орталық Азия елдерінен 4 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Репортерлер мен блогерлер сыртқы саясат пен аймақаралық келісім, мәдени және рухани құндылықтар, қайырымдылық пен әлеуметтік қызмет жайында материалдар дайындаған.

Сыйлық финалисті Асылан Смағұлов 16 жасынан бастап волонтерлік қызметпен айналысады. Ол қоғамдағы жастар мәселесі жайлы жиі сөз қозғап, қатарластарымен халықтың түрлі топтары мен әлеуметтік салалар жайлы талқылау жүргізіп тұрады.

– 2021 жылы "ТикТок" парақшасын аштым. Онда өз тәжірибеммен бөлісіп, жастар саясатына қатысты азаматтық ұстанымымды білдіремін. Ең көп дегенде 39 мың жазылушым болған, ал қазір 26 мың адам бар. Көп уақытымды өзім ашқан "Жастар дауысы" қоғамдық қорына арнаймын. Бұл марапат – мақсат емес, жеті жылдық қоғамдық жұмыстарымның нәтижесі. Осы арқылы ары қарай еңбек етуге деген құлшынысым артты. Еңбегіме ақы алмасам да, адамдардың алғысын алып келемін, – дейді Асылан Смағұлов.

"Руханият туралы үздік материал" номинациясы бойынша облыстық "Индустриальная Караганда" газетінің журналисі Светлана Свич марапатталды.