Қарағандыда "Жұлдыз-2023" республикалық эстрадалық орындаушылар байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қарағандыда "Жұлдыз-2023" республикалық эстрадалық орындаушылар байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қарағандыда "Жұлдыз-2023" Х республикалық эстрадалық орындаушылар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Қарағандылық әнші "Көрермендер көзайымы" номинациясында үздік деп танылды, ал Гран-при Атырау облысына жол тартты.

Биылғы жылы музыкалық конкурсқа қатысуға Ақмола, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан барлығы 43 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 21 орындаушы іріктеу кезеңіне өтті.

Жұлдыз" эстрадалық орындаушылар байқауы 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның бастамашысы – әнші, композитор Саят Әбдіғали.

– Іріктеу туры онлайн өтеді, қатысушылар бізге өздерінің бейнежазбаларын жібереді, бірақ басты өлшемшарт – жанды дауыста ән айту. Кейін біз үздіктерді таңдаймыз, олар ІІ және ІІІ турларда өнер көрсетеді. Байқау екі номинация бойынша өтеді – "Әлемдік хит" және "Қазақ композиторларының шығармалары". Қатысушылардың жасы – 16-дан 30 жасқа дейін, – деді қазылар алқасының мүшесі Саят Әбдіғали.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың жеңімпаздары мен дипломанттары, "Көрермендер көзайымы" және Люция Төлешова атындағы арнайы сыйлықтың номинанттары анықталды. 

Сонымен қатар, қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев өз атынан арнайы сыйлық табыс етті.

Гран-приді Атырау облысының қатысушысы Жұбан Ерназар жеңіп алып, лауреат атанды.

Алматылық Алмагүл Батталиева бірінші орын алды.

– Мен онлайн іріктеуден өтіп, Қарағандыға келдім. Байқау үшін Дэвид Форстердің Standup for Love және Динара Сұлтанның "Сый" әндерін таңдадым. Қарағанды сахнасында өнер көрсету – мен үшін үлкен бақыт пен тәжірибе, – деп атап өтті Алмагүл Батталиева.

Люция Төлешова атындағы арнайы сыйлықты шымкенттік Диас Жорабек алды.

– Мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бірінші курс студентімін. Алғаш рет "Жұлдызға" қатыстым. Мен The Show Must Go On әнін, ал ақтық сайыста "Дайдидау" халық әнін шырқадым. Мен үшін мұндай байқауларға қатысу – бұл жаңа таныстар мен достар, тәжірибе алмасу. Барлығы дәл осындай жарыстардан басталады. Болашақта бәріміз үлкен сахнаның әртісі боламыз деп үміттенемін, – дейді Диас Жорабек.

Қазылар алқасының төрағасы Сәкен Майғазиевтің арнайы сыйлығы Аяулым Матикова (Абай облысы) және Луиза Нұрқуатоваға (Маңғыстау облысы) табысталды. "Көрермендер көзайымы" номинациясында қазылар алқасы қарағандылық Аяла Мұқышеваны атап өтті.

Жеңімпаздар дипломдар, ақшалай сыйлықтар және "Жұлдыз-2023" арнайы кубогын алды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.

Байқау гала-концертпен аяқталды.