Қарағанды облысының колледж студенттері WorldSkills Kazakhstan – 2023 VIII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жүлдегерлері атанды. Олар кәсіпқойлық үшін екі күміс, екі қола және 13 медальон жеңіп алды.
Астанада WorldSkills Kazakhstan – 2023 кәсіби шеберлік чемпионаты өтті.
Үш күн бойы колледж студенттері өздерінің дағдылары мен машықтарын 30 құзыреттілікте көрсетті, олардың ішінде кірпіш қалау, кузов жөндеу, бастауыш сыныптарда оқыту, бизнеске арналған IT-шешімдер, қонақ үй ресепшионисті, аспаз ісі, шаштараз өнері, сауда және т. б.
Қарағанды облысынан чемпионатқа 12 колледждің 25 құзыреті бойынша 26 студент қатысты.
Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Дарын Ақышев "Web-технологиялар" құзыретінде өнер көрсетіп, командаға күміс медаль әкелді.
– Мен чемпионатқа біраз уақыт дайындалдым. Бізге жылдамдыққа әртүрлі тапсырмалар берілді. Оларды орындау кезінде бірнеше олқылықтар жасадым, сондықтан екінші орынға ие болдым, – деп мойындайды Дарын. – Дегенмен, бұл мен үшін жақсы тәжірибе. Болашақта мен ірі IT-компанияда жұмыс істегім келеді, web немесе мобильді қосымшалар жасағым келеді. Менде қазірдің өзінде сұранысқа ие бірнеше әзірлемелер бар.
Екінші күміс медальді командаға Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің тағы бір студенті Артем Устименко әкелді. Ол "Кірпіш қалау" құзыретінде өнер көрсетті.
– Мен төртінші курста оқимын және облыстық кәсіби шеберлік чемпионаттарында екі рет екінші орын алдым. Бұл жолы алғаш рет республикалық турға қатыстым. Қиын болды: бәсекелестік зор. Менде кірпіштен қаланған екі модуль жинау міндеті болды, Мен оны орындадым, бірақ дизайн бойынша кішкене қателіктер болды. Сондықтан екінші орынды иелендім, – дейді Артем.
Қола медальдарды Қарағанды технология және сервис колледжінің студенті Гүлпахат Мұхамедқызы
және Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің студенті Нұртілеу Нәжкен жеңіп алды. Олар "Сән технологиясы" және "Сантехника және жылыту" құзыреттері бойынша жарысты.
– Балалар өте жақсы өнер көрсетті, чемпионатқа дайындық жыл бойы жүргізілді. Бірақ байқаудың аты байқау, – деп атап өтті Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Салтанат Шаяхметова. – Біріншіден, эмоционалды түрде қиын, өйткені алаңдар ашық және барлығы қатысушылардың қалай жұмыс істейтінін көре алады. Күніне алаңдарда шамамен 2500–3000 адам болды. Екіншіден, физикалық тұрғыдан қиын: жұмысты ұқыпты және уақытында орындау керек. 25 құзыреттіліктің ішінен біздің облысымыздың қатысушылары 17 құзырет бойынша нәтижелер көрсетті, бұл жақсы көрсеткіштер, бірақ алда ұмтылар көп нәрсе бар.
Жалпы WorldSkills Kazakhstan – 2023 кәсіби шеберлік Чемпионатында 100 медаль ойнатылды: 38 алтын, 26 күміс және 36 қола. Сонымен қатар, 153 қатысушы үздік медальондармен марапатталды. Жеңімпаздар келесі жылы Францияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.