Қарағанды облысының оқушылары X Республикалық "Ақберен" шығармашылық өнер байқауында ерекше көзге түсіп, үшінші орынға ие болып, арнайы сыйлықтар мен сертификаттарға ие болды.
"Ақберен" шығармашылық байқауы Маңғыстау облысында, Ақтауда өтті. Шараға елдің түкпір-түкпірінен 132 оқушы жиналды.
Қарағанды облысының намысын Балқаш, Қарағанды және Бұқар жырау ауданының алты өкілі қорғады.
С. Сейфуллин атындағы № 7 Балқаш мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Әли Қошқаров "Көркем оқу" номинациясында өнер көрсетіп, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар" шығармасынан үзінді дайындады. Байқауға Әлиді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Әсемгүл Уәлиева дайындады.
– Бұл менің "Ақберен" республикалық байқауына алғашқы қатысуым. Менің номинациямда 23 қатысушы болды. Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар" романынан үзінді оқыдым, өз кейіпкерім – студент Ерболдың бейнесіне енуге тырыстым. Сол кездегі стильде әскери киім киіп, мини-спектакль көрсеттім. Менің ойымша, қазылар алқасына ұнады, – дейді Әли.
Тағы бір үшінші орын Абай атындағы № 104 Қарағанды мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Еркежан Қанышқа берілді. Ол "Шешендік өнер" номинациясында өнер көрсетті.
– Мен жетекшім Жангелді Кенжебайұлының арқасында жүлделі орынға ие болдым, біз онымен осы байқауға бір айға жуық дайындалдық. Менің номинациямда 22 қатысушы болды. Көптеген пайдалы ақпарат алдым, жаңа достар таптым және көкжиегімді кеңейттім, – дейді Еркежан.
Конкурста көтермелеу сыйлығы мен арнайы сертификатқа Бұқар Жырау ауданы С. Торайғыров атындағы тірек мектебінің оқушысы Тілек Мәлік және Балқаш қаласының С. Сейфуллин атындағы № 7 мектеп-гимназиясының оқушысы Әли Нұрлыбай ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен, бағалы сыйлықтармен, "Дарын" РҒПО грамоталарымен және дипломдарымен марапатталды.