Қарағанды облысында тағы бір күн электр станциясы ашылды

Қарағанды облысында тағы бір күн электр станциясы ашылды

Қарағанды облысында "жасыл" энергетиканың дамуы жалғасуда. Қуаттылығы 4,77 МВт жаңа күн электр станциясы Балқашта, "Қоңырат" шағын ауданында ашылды. Бұл өңірдегі осы секілді бесінші нысан. Инвестициялық жобаны "Медная компания Коунрад" өз қаражатына жүзеге асырды.

Ашылу салтанатына Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға Central Asia Metals PLC компаниясының атқарушы директоры Найджел Робинсон келді.

Күн станциясы сегіз айда салынды. 10 гектар жерге 8850 панель орнатылды.

"Медная компания Коунрад" ЖШС техникалық директоры Виталий Логачевтің айтуынша, көп жұмыс атқарылды. 6 км-ден астам ұңғымалар бұрғыланды, жалпы салмағы 200 тоннадан асатын 177 металл конструкциялар жиынтығы орнатылды, 64 км сымдар мен кабельдер тартылды.

– Станцияға орнатылған екі жақты панельдер тікелей күн сәулесін де, жерден шағылысқан сәулелерді де пайдалануға мүмкіндік береді. Олардың белгіленген қуат коэффициенті жоғарылайды, бұл пайдалану тиімділігін арттырады, – деп атап өтті Виталий Логачев. – Станция тек таза энергия өндіріп қана қоймайды – ол тұрақты энергия көзіне ұмтылатын басқа аймақтар үшін үлгі болады. ЖЭК үлесі 2035 жылға қарай Қазақстанда 15 % деңгейінде болады деп болжанады және біз оған өз үлесімізді қостық.

Есептеулер бойынша станция кәсіпорынның электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен 16–18 % жабады.

Баламалы энергия көзін сынақтан өткізу құқығы Найджел Робинсон мырзаға берілді.