
Абай атындағы Қарағанды балалар кітапханасы ақын және жазушы Жеңіс Қашқыновтың өлеңдерін мәнерлеп оқу бойынша облыстық байқау өткізеді. Оған мектептердің 2–3 сынып оқушылары қатыса алады.
Оқырмандар "Сұрақ", "Бұлақ", "Бақбақ", "Қарақұрт пен қой", "Ақтоғай", "Кітап", "Мұғалімге", "Әділет", "Көмектесем мамама", "Кір қуыршақ", "Ыстық көл", "Жоғалған кітап", "Күз", "Көктем", "Найзатас", "Төребектің қылығы", "Санамақ" атты жазушының туындыларын жатқа білулері керек.
Қатысуға өтінімдер 24 қазанға дейін электрондық пошта арқылы қабылданады: odb_abai@mail.ru. Байқау 3 қараша күні сағат 14:00-де Абай атындағы балалар кітапханасында өтеді.
Қазылар алқасы жатқа оқыған шығарманың мәнерлеп оқуын, сондай-ақ актерлік шеберлікті бағалайды.
Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Толық ақпаратты 8-705-979-75-39, (8-7212) 41-23-25 телефондары арқылы алуға болады.
Ақын Жеңіс Қашқынов 1942 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Ол мектеп жылдарында өлеңдер жаза бастаған. Оның алғашқы туындылары 1959 жылы "Пионер" журналында және "Қазақстан пионері" газетінде оныншы сыныпта оқып жүргенде жарық көрді. Ақынның "Кешкі күн" атты алғашқы кітабы 1967 жылы жарық көрді. Ол ересектер мен балаларға арналған он алты поэтикалық және прозалық кітап жазды.
Жеңіс Қашқынов – ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты. Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.