Қарағанды облысында әлеуметтік саланың цифрлық трансформациясы басталды

Қарағанды облысында әлеуметтік саланың цифрлық трансформациясы басталды

Қарағанды облысындағы он арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірыңғай ақпараттық жүйе пилоттық режимде енгізіледі. Ол қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етеді және орталықтар жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік әлеуметтік қызметтерді цифрландыру - ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы алғашқы қадам, деп атап өтті Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мәжілістің Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жұмыс сапары кезінде. Депутаттармен бірлесіп Министрліктің жұмыс тобы өңірдің халыққа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мекемелеріне – балалар үйлеріне, интернаттарға, арнайы мекемелерге барды.

– Цифрлық технологияларды қолдану әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы барлық рәсімдердің, стандарттар мен талаптардың орындалуын автоматты түрде бақылауға және құжаттауға мүмкіндік береді, – деді Светлана Жақыпова. – Бұл өз кезегінде заңнаманы қатаң сақтауға және жұмыста ашықтықты арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта жобаны масштабтау және басқа өңірлерде енгізу жоспарлануда.

Әлеуметтік қорғау жүйесін толығымен өзгерту үшін парламентшілер жаңа заң жобасын әзірлеуде. Ол арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің бірыңғай стандарттарын құруға және білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешуге бағытталған.

– Заң жобасында осындай ұйымдарды лицензиялау, олардың басшыларын ротациялау жөніндегі нормалар көзделетін болады, қамқоршылық кеңестердің басшыларына қойылатын біліктілік талаптарын белгілеу жөніндегі тетіктер айқындалатын болады, – деп атап өтті комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов, – Сондай-ақ әлеуметтік нысандарды ЖБО бейнебақылау жүйесіне қосу, осы ұйымдарда тамақтану нормативтерін айқындау мен пайдалануда ашықтықты қамтамасыз ету жөнінде.

Қарағанды облысы әлеуметтік қызмет көрсетудің көпсалалы шағын үйлерін құру жөніндегі пилоттық жобаға да кірді, деп атап өтті облыс әкімдігінде өткен жұмыс тобының отырысы кезінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша ашылатын болады.

– Біздің өңірде осындай бір үй жұмыс істейді. Біз осы салаға инвестиция салғысы келетін бизнесмендерге барлық қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Сонымен бірге облыста жасалатын жұмыс әлі де бар. Оның ішінде әлеуметтік мекемелерді қаржыландыру және материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту мәселелері бойынша. Қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап ететін мәселелер бар. Бұл әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін және олардың жалақысын арттыруға қатысты. Өкінішке орай, олар ерекше балалармен жұмыс істегені үшін қосымша ақы алмайды. Біздің құзыретіміздегі барлық нәрсені біз кезең-кезеңімен шешеміз.

Әлеуметтік көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыруға жаңа әлеуметтік кодекс шеңберінде жан басына шаққандағы норматив енгізу көмектеседі, деп атап өтті депутаттар. Бұл норма 2025 жылдан бастап жұмыс істеуі керек. Олар әлеуметтік қызметтер саласын заңнамалық қамтамасыз етуді жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруға ниетті.