Қарағанды облысында суармалы егіншілік қалай ұлғайтылуда

Қарағанды облысында суармалы егіншілік қалай ұлғайтылуда

Қарағанды облысында жыл сайын суармалы жерлердің көлемі ұлғаюда. Бұл ретте мемлекет шығындардың жартысын өтей отырып, фермерлерге қолдау көрсетеді. Инвестициялық жобалар бес ауданда жүзеге асырылуда. Биыл өсім шамамен 4 мың гектарды құрайды.

- Облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша жол картасы жасалды. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер 30,2 мың га егістік алқапты суарады, алайда әлеует әлдеқайда жоғары. Өсім жыл сайын өсуде: 2022 жылы 3,8 мың га, биылғы жоспар – 3,9 мың га, 2024 жылға – 4 мың га, – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының Өсімдік шаруашылығы және техникалық жарақтандыру бөлімінің басшысы Болат Омарбаев.

Мысалы, Абай ауданында Құлайғыр ауылының маңындағы қараусыз қалған жерлер жанданды. Бұл жерде осыған дейін де су болған – жақын жерде Жаманжол бөгеті бар, ол сақталған. Бірақ су құбырын металл бөлшектерге бұзып, тонап кеткен.

Осыдан он бір жыл бұрын осы жерлерде "Acker KZ" ЖШС жұмысқа кіріскен. Оның жетекшісі Максим Велинский – қала тұрғыны, бірақ егіншілікпен айналысуға бел буған. Шаруашылығын біртіндеп бастаған: бірінші жылы олар тек 7 га картоп пен 20 га арпа отырғызған. Сол уақыттан бері егістіктер 2,3 мың гектарға дейін өскен.

Биыл олар су құбырын қалпына келтіре бастаған және австриялық суару машинасын сатып алған.

- Жобаның құны – 250 млн теңге. Біз оны екі кезеңге бөлдік. 2,5 км құбыр төселді. Суару машинасы маусым айында орнатылды, ол жылжымалы. Арпа егілген жерді бірінші жыл суарып отырмыз, алайда қазірдің өзінде нәтижеге ризамыз: өнімділік 30ц/га дейін өсті. Келесі кезеңде біз тағы да осынша құбырлар саламыз, көктемде екінші құрылғыны сатып алуды жоспарлап отырмыз, - деді Максим Велинский. - Мемлекеттің көмегінсіз бұл өте қиын болар еді. 50% субсидиялар және жылдық 5% ұзақ мерзімді несие – бұл жұмыс істеуге және дамуға мүмкіндік беретін нақты шаралар.

Суармалы жерлерде кәсіпорын болашақта басқа дақылдарды: бұршақ пен жасымық отырғызуды жоспарлап отыр.

Жақын жерде қалыпқа келтіруді қажет ететін тағы бірнеше бөгеттер бар. Кезең-кезеңмен қалпына келтіру жоспарлары да құрылған. Күрделі жөндеуден кейін егістікті суарудың қосымша көздері пайда болады.

Абай ауданында суаруды Көксу ауылдық округінде "ДеМАСагро" ЖШС енгізді.

- Картоп пен арпаны ауыспалы егісте өсіреміз. Өткен жылы суару машинасын сатып алдық. Ол жақсы нәтиже беретінін дәлелдеді. Құрылғы гидравликада, жылжымалы типті. Біз тағы бір машина сатып алмақшымыз, - деді фермер Владимир Гергелюк.

Абай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батыржан Оразбековтың айтуынша, жұмыстар Құрма ауылдық округінде де жүріп жатыр, алдағы үш жылда суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша тағы да бірқатар инвестициялық жобалар жоспарланған.