Ақтөбелік инженер Қазақстан бойынша күн көлігімен саяхаттауда

Ақтөбелік инженер Қазақстан бойынша күн көлігімен саяхаттауда

Ақтөбелік Владимир Силевич өзінің гаражында күннен қуат алатын көлік жинап, онымен Қазақстан бойынша саяхаттауда. Қарағанды Экомұражайында ол осы бастамаға кім шабыт бергенін және авторлық машина жайлы толығырақ айтып берді.

Мамандығы бойынша Владимир инженер-электроншы, техникаға бала кезінен жақын. Ол өз қолымен ерекше көлік жинауды көптен армандаған. Алты ай бойы ол осы мәселені зерттеген. Ал инженерге MANTANA деп атаған бірегей машинаны жасау үшін екі ай және шамамен екі миллион теңге қажет болды.

– Мені блогер Никита Поддубнов шабыттандырды: өткен жылы ол Қазақстанда қолдан жасалған күн көлігімен жүріп өтіп, автошеру ұйымдастырды. Неге маған да мұны жасамасқа деп ойладым. Қаражат пен уақыт таптым. Мен өзімнің күн көлігімді екі айда гаражымда қолдан келген материалдардан жинадым: жартылай автоматты, дәнекерлеу, тегістеуіш және өзімнің қолдарым. Машина жеңіл автомобильге өте ұқсас: руль тура сондай, педальдар және басқалары да ұқсайды. Қосымша дөңгелектері "Фольксвагеннен", жүріс дөңгелегі "Жигулидің" компоненттеріне негізделген, электр қозғалтқышы мен панелі Қытайдан жеткізілген. Ал қалған бөлшектер – гаражда дәнекерленген қарапайым металл профиль, – дейді Владимир Силевич өз туындысы туралы. – Максималды жылдамдық – сағатына 47 км. Бұл саяхаттауға арналған жазғы нұсқа.

Машинаның салмағы – 300 кг. Бір адамға есептелген. Ұйықтайтын орын бар, көліктің төменгі бөлігінде азық-түлік, құралдар бар.

Саяхатшы, әрі дизайнер көлікте қозғалуға ғана емес, ұйықтауға да ыңғайлы екенін айтады.

Владимир екі айдан бері өзінің күн көлігімен саяхаттап келеді. Алдымен жарысқа қатысып, кейін Қазақстан бойынша жүруді шешкен. Күн көлігі жарысында Владимир Силевич екінші орын алды. Жарысқа Ресей мен Қазақстаннан 10 конструктор қатысты. Бағыт 2700 км болды. Старт Оралда берілді, ал үш аптадан кейін жарыс Алматыда аяқталды. Орташа алғанда, қатысушылар 40–45 км/сағ жылдамдықпен күніне 150–200 км жүрді.

– Бұл менің екінші көлігім. Біріншісі өткен жылы жиналды. Ол Алматыға барды, содан кейін оны фураға тиеп, үйіме пойызбен бардым. Ал биыл бүкіл Қазақстанды аралап шығуды шештім. Мен көлікті жетілдіргім келеді: батареяны көбейту керек, аэродинамика туралы ойлану керек, өйткені қарсы жел қатты әсер етеді, – деп бөлісті Владимир.

Адамдар мен жол полициясының қызметкерлері мұндай ерекше көлік құралына қалай қарайды деген сұраққа саяхатшы жолда кездескендердің барлығы дерлік суретке түсіп, ғажайып көлік туралы сұрайды деп жауап берді.

Қарағандыда Владимир алғаш рет, Астанаға сапар шегіп, Көкшетау, Қостанай қалаларына және Ақтөбедегі үйіне қайтады.