
Қарағанды облысының балаларына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының м. а. және 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді. Мекемеге басқа ұйымдардың мамандары жіберілді. Орталық тәрбиеленушілерінің ауруханаға түсіп, бір баланың қайтыс болуының себептері анықталуда.

Қайтыс болған баланың ата-анасына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көңіл айтты.
– Баланың көз жұмуына әкеп соққан қайғылы оқиғаға қабырғамыз қайысуда. Қазір барлық күш-жігеріміз ауруханада жатқан балалардың денсаулығын мүмкіндігінше тез қалпына келтіруге бағытталған. Дәрігерлер бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Мен бұл төтенше жағдайдың із-түзсіз өтпейтініне сендіргім келеді: кінәлілер заңның барлық қатаңдығымен жазаланады. Тергеу органдары барлық қажетті шараларды жүргізеді. Ал отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Қайтыс болған Әділ Омаров 13 жаста еді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, баланың өліміне жүрек және тыныс алу жеткіліксіздігі себеп болған.
Көмек көрсету және болған оқиғаның себептерін анықтау үшін Қарағандыға Астанадан жетекші мамандар тобы келді.

– Балалар температураның жоғарылауына, құсуға және іштің ауырсынуына шағымданғандықтан, "тамақтан улану" диагнозы қойылды. Бірақ алдын ала сынақтар ішек инфекциясы жоқ деген нәтиже берді. Жұқпалы этиологияны, яғни аурудың себебін біз әлі тапқан жоқпыз. Бүгінгі таңда алты бала реанимация бөлімінде, олардың екеуінің жағдайы өте ауыр. Қалғандарында емделу аясында жақсару байқалады, олардың жағдайы қанағаттанарлық, – деп түсіндірді Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, әлі нақты диагноз жоқ, барлық зертханалық зерттеулер әлі де жүргізіліп жатыр.
Министр Елордадан 10 жетекші маман келгенін атап өтті: штаттан тыс бас балалар инфекционисті Динагүл Баешева, штаттан тыс бас балалар анестезиолог-реаниматологы Нұрила Малтабарова, үш дәрігер-токсиколог және т.б. Олар қарағандылық мамандармен, соның ішінде психиатрлар мен балалар невропатологтарымен бірге жұмыс істеуде. 20-ға жуық маман консилиум өткізеді, балаларды тексереді және емдеуді түзетеді.