Қарағанды музыка мектебінің домбырашылары Қырғызстандағы халықаралық байқаудың Гран-приін жеңіп алды

Қарағанды музыка мектебінің домбырашылары Қырғызстандағы халықаралық байқаудың Гран-приін жеңіп алды

№ 2 Қарағанды Балалар музыка мектебінің "Ақжелен" домбырашылар ансамблі "Ыстықкөл достарды жинайды – 2023" XIII Халықаралық этнокарнавалында Гран-при иегері атанды. Байқауға Австрия, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан 400-ден астам бала қатысты.

Этнофестиваль аясында түрлі номинациялар бойынша конкурстар өтті. Мәселен, "Халық ансамблі" санатында бас жүлдені Қарағанды қаласындағы №2 Балалар музыка мектебінің "Ақжелен" домбырашылар ансамблі – ЮНЕСКО клубы жеңіп алды. 

Ұжым жетекшісі – Жәнібек Қазыбекұлы. Музыкалық мектепте жас маман үшінші жыл жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде "Ақжелен" және "Әуен" атты екі ансамбль ұйымдастырған.

– Домбырашылар ансамблі 5-тен 9-сыныпқа дейінгі 10 оқушыдан тұрады, бірақ тек алтауы ғана Қырғызстанға аттанды. Байқауда Қырғыз композиторы Атай Огонбаевтың "Маш ботой" атты бір туындысын орындап, екіншісін таңдау керек болды. Біз Дина Нұрпейісованың "Науаи" туындысын ойнадық. Бұл "Ақжелен" ансамблінің алғашқы халықаралық марапаты, бірақ бұған дейін олар республикалық және облыстық байқауларға қатысып, Гран-при алды, – деді Жәнібек Қазыбекұлы.

Жетінші сынып оқушысы Мейіржан Үменов домбырада 5 жылдан бері ойнап келеді, оның репертуарында 20 күй бар.

– Байқау қиын болды, бірақ біз қажырлы еңбек пен дайындықтың арқасында жеңіске жеттік. Мұғалім бізге күйлерді орындау тәсілдерін үйретті, концерттерге апарды. Маған Қырғызстанда өте ұнады: біз жаңа достар таптық, конкурстарға қатысуда жақсы тәжірибе алдық, шеберлік сыныптарынан өтіп, ел бойынша саяхаттадық, – деп бөлісті Мейіржан Үменов.

Этнокарнавалдың ұйымдастырушысы – "Балажан" республикалық эстетикалық тәрбие орталығы (Бішкек қ.).