Қарағанды облысының шалғайдағы елді мекендері интернетпен қалай қамтамасыз етілмек

Қарағанды облысының шалғайдағы елді мекендері интернетпен қалай қамтамасыз етілмек

Қарағанды облысында 2018 жылдан 2021 жылға дейін "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша екі ірі республикалық жоба іске асырылды.

Бірінші жоба бойынша облыстың 47 ауылдық елді мекені талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз етілген – 151 мемлекеттік орган мен бюджеттік мекемелер қосылған.

Екінші жоба бойынша өңірдің 71 ауылы 3-ші және 4-ші буындағы мобильді кең жолақты интернетке қосылған. Бұған дейін Ақтоғай ауданының Нарманбет, Қошқар, Ақжарық, Қарқаралы ауданының Көктас, Шет ауданының Ақой және Батық ауылдарының тұрғындары ұялы байланыспен қамтылып, енді оларға төртінші буын (4G) кең жолақты интернет қолжетімді болады.

Осылайша, Қарағанды облысының 349 елді мекенінің 219-ы немесе ауыл халқының 91,3%-ы кең жолақты интернетке қол жеткізе алады.

Ауыл тұрғындарын интернетке қолжетімділікпен одан әрі қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігі 2023 жылдан 2025 жылға дейін екі жобаны – антенна-діңгек құрылыстарын салуды және ауыл тұрғындарын РРЛ (радиорелелік желілер) технологиясы бойынша үй интернетімен қамтамасыз етуді іске асыруды жоспарлап отыр.

Бірінші жоба бойынша "КаР-Тел" ЖШС (Билайн) және "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Алтел/Теле2) ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін антенна-діңгек құрылыстарын салу бойынша жұмыстар жүргізілетін 21 елді мекен анықталды.

Екінші жоба бойынша облыстың 10 елді мекенін үй интернетіне қосу бойынша жұмыстар жоспарлануда. Бүгінгі таңда Нұра ауданының екі ауылын (Тікенекті және Талдысай) қосу үшін қаржы қарастырылған. Осы жылдың соңына дейін бұл ауылдар интернетке қосылуы керек. Қалған сегіз ауылды 2024 жылдың соңына дейін қосу жоспарлануда.

Сондай-ақ, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2024–2027 жылдарға арналған "Қолжетімді интернет" Ұлттық пилоттық жобасын әзірлеуде, оның шеңберінде шалғай ауылдарда талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда жобаға кіретін елді мекендердің тізімі қалыптасу сатысында.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы