Қарағанды облысында жылу желілерін техникалық тексеру аяқталуда

Қарағанды облысында жылу желілерін техникалық тексеру аяқталуда

Қарағанды облысында жылумен жабдықтау желілерінің жай-күйін талдау бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып жатыр. Бірқатар қалаларда зерттеулер жүргізілді, қалғандары жақын арада аяқталуы тиіс.

Аппараттық кеңесте жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды.

– Мемлекет басшысының облыс бойынша тапсырмасына сәйкес жылумен жабдықтау желілеріне техникалық тексеру жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бүгінгі таңда тексеру Қарағанды, Приозерск, Саран және Абай қалаларында жүргізілді. Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында жұмыс жалғасуда. Оларды осы айдың соңына дейін аяқтау қажет, – деді энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ербол Төлеуов.

Ол энергия станциялары мен жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары туралы баяндады.

Алдағы жылыту маусымына дайындық мамыр айында басталды. Бүгінгі таңда станцияларда 8 қазандық пен 6 турбина жөнделді. Кестеге сәйкес 16 қазандық пен 9 турбина жөнделіп жатыр.

Сонымен қатар, проблемалар да бар. Жиында жұмыс кестесі бұзылған энергия көздері айтылды. Бұл "АрселорМиттал Теміртау" АҚ ЖЭО-2, Топар ГРЭС. Қарағанды, Ақтоғай және Қарқаралы аудандарында қазандықтар мен АСО дайындау бойынша бекітілген мерзімнен қалыс қалу тіркелген.

Ықтимал тәуекелдер туралы аумақтық энергетикалық қадағалау және бақылау департаментінің басшысы Ернар Хасенов айтып берді.

Жылу желілерін жөндеу бойынша қалалар мен аудандардың әкімдері есеп берді.

Биыл Теміртауда алты жоба іске асырылуда, 30 шақырымнан астам жылу магистралінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қала әкімі Ораз Тәуірбеков жоспарланған жұмыстар мерзімінде орындалатынына сендірді.

– Өткен жылыту маусымы проблемалық сәттерді айқындады. Мұның бәрін алдағы қысқа дайындық кезінде ескеру қажет. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілері мен тұрғын үй қорын дайындау жөніндегі жұмыстарды орындауда іркілістерге жол бермеу керектігін көрсетті. Энергетикалық қадағалау департаменті, энергетика басқармасы жөндеу науқанын бақылауды жалғастырсын, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, өңір басшысы жеке сектор тұрғындарының алдын ала көмір қорын жасап алуы үшін ақпараттық жұмыстарға назар аудару керектігін тілге тиек етті.