Ермағанбет Бөлекпаев балалар алаңындағы ТЖ үшін Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруды тапсырды

Ермағанбет Бөлекпаев балалар алаңындағы ТЖ үшін Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруды тапсырды

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев екі бала зардап шеккен балалар алаңында төтенше жағдайға байланысты тапсырма берді.  Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің аулаларды абаттандыруға жауапты орынбасары жұмыстан шығарылады. Қалада қауіпсіздікті күшейту үшін абаттандыру ережелерін қайта қарау керектігі айтылды.

– Өткен аптада бізде төтенше жағдай орын алды. Ересектердің немқұрайлылығынан екі бала зардап шекті. Мен барлығына бірнеше рет ескерттім және тағы да қайталаймын: ойын алаңдарын жөндегенде ең алдымен қауіпсіздік туралы ойланыңыздар! Футбол қақпалары мен сәулет нысандарын тексеріп, нығайтыңыздар, ештеңе құлап жатпауы керек! Мердігерлер асығыс танытып, тезірек ақша тапқысы келеді, ал кейбір әріптестеріміз бұған көз жұмады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте.

Ол қала әкіміне Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруды тапсырды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына мердігердің жауапкершілігіне құқықтық баға беруді сұрады.

– Мұндай нәрселерге бұдан былай жол беруге болмайды. Абаттандыру ережелерін қауіпсіздікті арттыру бағытында қайта қарауды тапсырамын, - деп атап өтті өңір басшысы. – Мысалы, неге жасанды көгалдың орнына тартан жабынын қолданбасқа. Мұның бәрін зерттеу керек, өзгерістер енгізу керек. Біздің мақсатымыз – қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету. Бұл мәселелерді қысқа мерзімде шешу қажет.