"Бозоқтан Ұлытауға дейін" атты экспедиция мүшелері қатысушылар Нұра ауданында болды

"Бозоқтан Ұлытауға дейін" атты экспедиция мүшелері қатысушылар Нұра ауданында болды

"Бозоқтан Ұлытауға дейін" атты экспедицияның қатысушылары Алтын Орда кезеңіндегі тарихи-мәдени мұра нысандарын аралады. Этнографиялық тур аясында олар Нұра ауданына барды.

Экспедиция мүшелері Құланөтпес, Бестамақ, Тікенекті, Шұбаркөл ауылдарында болып, тұрғындармен кездесіп, оларға 1998 жылы Астананың оңтүстік-батысында, Бұзықты көлінің шығыс жағалауында белгілі археолог Кимал Ақышев ашқан Ортағасырлық Бозоқ қалашығы туралы айтып берді. 

– Қазақстанның киелі жерлері бойынша ат экспедициясы орта ғасырлар дәуіріндегі екі ескерткішті – Бозоқ пен Ұлытауды біріктіруге және экологиялық туризмді дамытуға бағытталған. Оны "Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының қызметкерлері ұйымдастырды, – деді экспедиция қатысушысы Дидар Оралбекұлы.

Экспедицияның мақсаты – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын насихаттау. Ол үшін жыл сайын "Бозоқ" мұражай-қорығында "Қымызмұрындық", "Сірге жияр", "Атқа мінгізу", "Тұсау кесер" этнографиялық мерекелері өткізіледі.

Экспедицияның аяқталуы "Қазақстанның Бозоғынан Түркияның Бозоғына дейін" эстафетасын тапсыру болмақ. Түркияның оңтүстік-шығыс бөлігінде бай тарихы мен мәдениетімен танымал Бозоқ деп аталатын қала бар.