"Сарыарқа – ұлы дала ойындары" фестивалі Қарағанды облысының 300-ден астам спортшысын біріктірді

"Сарыарқа – ұлы дала ойындары" фестивалі Қарағанды облысының 300-ден астам спортшысын біріктірді

Нұра ауданында "Сарыарқа – ұлы дала ойындары" фестивалінің екінші кезеңінің қорытындысы шығарылды. Шара Қарағанды облысынан 300-ден астам ұлттық спорт әуесқойларын біріктірді.

Бірнеше күн бойы Нұра ауданында көкпар, аударыспақ, садақ ату, арқан тарту және басқа да бірқатар спорт түрлері бойынша жарыстар өтті.

Көкпарда екі лигада 23 команда өзара бақ сынасты. Бірінші лигада "220 вольт" (Бұқар Жырау ауданы) командасы үздік атанды. Екінші орынды Нұра ауданының "Рассвет" командасының қатысушылары жеңіп алды. Үздік үштікті "Ізенді Арландары" атты Нұра ауданының командасы түйіндеді.

Жоғары лигада Шет ауданының "Ақсу-Аюлы" командасының шабандоздары жеңіске жетті. Екінші орынды осы ауданның көкпар әуесқойлары – "Ақсу-Аюлы жастар" командасы иеленді. Үшінші орын Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентінің "Жанали" командасының шабандоздарына бұйырды.

– Көкпар өте керемет болды. Біз жоғарғы лигада бірінші орынға ие болдық. Біздің команда – облыстағы ең мықты командалардың бірі. Бірақ қарсыластар да лайықты. Жалпы, соңғы үш жылда облыста ат спорты жақсы дамып келеді. Үздік үштікте Шет, Бұқар Жырау және Қарқаралы аудандарының шабандоздары бар. Сондай-ақ ақтоғайлықтар арасында да мықты командалар бар, – деп атап өтті "Ақсу-Аюлы" командасының қатысушысы Дидар Есмахаев. – Маусым айының соңында Ақтоғайда спартакиада өтеді. Біз оған дайындалып жатырмыз.

Аударыспақта бақ сынасқан спортшылардың күресі де керемет әсерлі болды. Қатысушылар өздерінің күші мен ептілігін үш салмақ дәрежесінде көрсетті: 62, 82 және 82+ келі. Шет және Нұра аудандарынан Фархат Советов, Ерғанат Тайжанов және Азамат Жаркен үздік деп танылды.

Арқан тарту бойынша бірінші орын Нұра ауданының ерлер

және әйелдер командаларының қоржынына түсті.

Қой көтеруде Қарқаралы ауданы Сарыбел ауылынан Әділет Серікпаев үздік нәтиже көрсетті. Ол екі минут ішінде 50 рет көтерді.

Жарыс концерттік бағдарламамен сүйемелденді. Фестиваль қонақтары мен қатысушылары үшін киіз үйлер тігілді.

Барлық жеңімпаздар медальдармен, кубоктармен және демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Фото Олжас Бексұлтановтікі