Балқаш қаласында тұратын жас флейташы Мәскеудегі беделді музыкалық байқаудың жүлдегері атанды

Балқаш қаласында тұратын жас флейташы Мәскеудегі беделді музыкалық байқаудың жүлдегері атанды

Мәскеуде Ю. Должиков атындағы үрмелі және ұрмалы аспаптарда орындаушылардың XII Халықаралық байқау-фестивалі өтті. Бұл беделді жарыста флейтада ойнау өнеріне ерекше назар аударылады, себебі байқаудың пайда болуы дәл осы аспаппен байланысты. Бұл номинацияда Балқаш Балалар өнер мектебінің тәрбиеленушісі Дана Сыздықова өнер көрсетіп, екінші орынға ие болды.

Байқау екі кезеңде өтті. Алматыда өткен бірінші турда Дана бірінші орынды иеленді. Дипломды жеңімпазға Ю. Н. Должиков атындағы мәдениетті дамыту қайырымдылық қорының президенті, Мәскеу консерваториясы жанындағы Орталық музыка мектебінің оқытушысы Элла Должикова табыс етті. Ол жас флейташыға шеберлік сабағын өткізді.

Жеңістен кейін Дана Мәскеуге екінші турға шақырылды. Ұйымдастырушылар қашықтан байланысқа шығып, өнер көрсетуге мүмкіндік берді. Флейташы екі шығарма орындады – Вильгем Попптың "Әсем вальсі" және Сергей Рахманиновтың “Не пой красавица при мне" романсы. 

Қазылар алқасының құрамы өнер мен мәдениеттің беделді өкілдерінен құралды. Оны Силантьев атындағы академиялық үлкен концерттік оркестрдің бас дирижері Александр Клевицкий басқарды. Кәсіби мамандар Балқаш қаласында тұратын орындаушының талантын жоғары бағалады.

Балқаш Балалар өнер мектебінің оқытушысы Светлана Шохатаева өзінің шәкіртін мақтан тұтатынын айтады.

- Дана интернеттен флейтаның үнін естіп, осы аспапта ойнауды үйренуге бел буған. Әжесі оны бізге алып келді. Дана музыка мектебін сырттай бітірді. Төрт жыл ішінде бес жылдық бағдарламаны меңгерді.  Бұл өте еңбекқор, табанды және рухы күшті қыз. Дана мықты музыкант болу үшін өмірдің соңына дейін өзіңмен жұмыс істеу керектігін түсінеді.

Қазір Дана П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне түсуге дайындалуда.