Қарағандыға гастрольдік сапармен Ғ. Мүсірепов атындағы жас көрермендер театры келеді

Қарағандыға гастрольдік сапармен Ғ. Мүсірепов атындағы жас көрермендер театры келеді

Қарағандыға "Сезім сапары" туры аясында Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театры келеді. Гастрольдер 14 және 15 маусымда С. Сейфуллин атындағы Қаздрамтеатр сахнасында өтеді.

Көрермендер назарына Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романы бойынша қойылған спектаклі ұсынылады. Туынды екі жастың махаббаты туралы баяндайды. Ербол есімді жігіт соғыстан оралып, Меңтай есімді қызға ғашық болады, бойжеткен де оған деген сезімі барын білдіреді. Алайда олардың махаббаты сынақтан өтуі керек. Режиссер Фархад Молдағалидің қойылымында бұл оқиға жаңаша ашылды.

- Бұл спектакльдің тұсаукесері бізде 2021 жылғы 19 маусымда өтті. Осы уақытқа дейін көрермендердің қойылымға деген қызығушылығы төмендемей келеді, әр көрсетілімде аншлаг болады. Біз спектакльді Қазақстанның барлық қалаларында көрсетуді ұйғардық. "Сезім сапары" туры ақпан айында Талдықорғанда басталды, содан бері тағы бірнеше қалаға бардық. Енді қойылымды қарағандылықтар көре алады, - дейді көрермендерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Гүлзия Есенжанова.

Театр гастрольдік турын әдебиет қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығына арнады.

Спектакльдің басталуы 14 маусым – 18:30-да, 15 маусымда екі көрсетілім болады – 14:00 және 18:30-да.

Билеттерді С. Сейфуллин атындағы Қаздрамтеатр кассаларынан және ticketon.kz сайтынан сатып алуға болады.

Анықтама телефоны: 8-701-911-76-76.